Күллі мұсылман қауымы үшін бүгін қасиетті Рамазан айы басталды. Ұлық күнмен Қазақстан халқын Мемлекет басшысы құттықтады. Президент: «Бұл – дүние жүзіндегі миллиардтаған жанды рухани тазаруға, жақынына жанашыр әрі қамқор болуға үндейтін мезгіл», — деп атады. Ал Бас мүфти қасиетті айдың құрметіне кәсіп иелерін халыққа жеңілдік жасауға шақырды. Берекелі Рамазанда саудагерлер сауапты істен шет қалмай, азық-түлік бағасын төмендетіп, елдің алғысын алса игі болар еді деді.
Астанадағы Республикалық бас мешітте Рамазан айының алғашқы тарауық намазы оқылды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы көпшілікке уағыз айтты. Рамазан айының мән-маңызын түсіндірді.
НАУРЫЗБАЙ ҚАЖЫ ТАҒАНҰЛЫ, ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ, БАС МҮФТИ:
— Рамазан – рухани өрлеу айы. Адам баласы бұл айда күндіз ораза ұстап, түндерін құлшылықпен өткізеді. 30 күн бойы ораза ұстап, күнә атаулы барлық іс-әрекеттен өзін тыйып, рухани тәрбиелейді. 30 күндік мектеп – бізді рухани шыңға жеткізуге себепші. Сондықтан осы айда барынша сауапты істерде жарысайық!
Рамазан – адамдардың бір-біріне деген мейірімін арттыратын ерекше кезең. Бұл айда жасалған әрбір ізгі амалдың сауабы еселеніп жазылады. Сондықтан көпшілік тек садақа берумен шектелмей, айналасына жылы сөз айтып, ренжіскен жандармен татуласуға тырысады.
НҰРЛАН ҚАЖЫ БАЙЖІГІТҰЛЫ, ЫРЫСКЕЛДІ ҚАЖЫ МЕШІТІНІҢ БАС ИМАМЫ:
— Ораза жылдан-жылға адамға ерекшелік алып келу керек. Мысалы, өткен жылы бір қасиетіңізді толықтырған болсаңыз, енді биыл оны кемелдендіру керек. Егер сіздің бір жаман қасиетіңіз болса, оны тастап, оның орнына жақсы нәрсеге үйренген болуыңыз керек. Соның біреуі – қайырымдылық. Мысалы, көбі қайырымдылықты тек ораза айында жасайды да, оразадан кейін ұмытып кетеді. Осыны дәстүрге айналдырса екен деймін. Үлкен, қомақты қылып, үздіксіз бере алмайтын шығар, бірақ кем дегенде он адамға садақа бергенше, бір адамға жамандық жасамауды үйреткен болар едім. Яғни, бұл да –үлкен ғажайып дүние. Сондықтан ең жақсы мұсылманы кім деп сұралғанда біреуге қиянат жасамаған адам дейді.
Берекелі айды ел ерекше ықыласпен, үлкен дайындықпен қарсы алады. Жұрт ауызашар беріп, тұрмысы төмен отбасыларға қол ұшын созып, қариялардың батасын алуға асығады.
Қайырымдылықты мешіттер бастап кетті. Жылдағы дәстүр бойынша, Ораза біткенше 30 күн бойы 9 мың отбасыға «Рамазан сыйлығы» табыс етіледі. Бас мүфти жұртты қасиетті айда ұйымдастырылатын осындай шараларға жұмыла қосылуға шақырды.
НАУРЫЗБАЙ ҚАЖЫ ТАҒАНҰЛЫ, ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ, БАС МҮФТИ:
— Кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына жеңілдік жасауға үндеймін. Рамазан айына тура келген құдайы астарды ауызашар уақытында өткізіп, көбірек сауап алуға тырысайық. Қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну да – сауапты істің бірі. Бұл айда тек табысқа кенелуге емес, ең бастысы, халықтың разылығы мен алғысын алуға асыққан абзал. Дүкендерде күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатылмаса деген тілегімізді жеткіземіз.
Рамазан айы 19 наурызға дейін жалғасады. Наурыздың 16-нан 17-іне қараған түн – Қадір түні. 20 наурыз – Ораза айт мерекесі. Пітір садақа биыл жан басына 735 теңге болып бекітілді. Бұл – екі келі ұнның бағасы.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.