Өскемендік шебер ағаштан тарихи тұлғалардың мүсінін жасайды

Өскемендік шебер ағаштан тарихи тұлғалардың мүсінін жасайды. Юрий Костанянц әсіресе батырлардың бейнесін сомдайды. Осылайша қазақ хандығының тарихын тұтас бір топтама ретінде қайта тірілтті. Қолөнерші бүгінге дейін төрт жүзден астам туынды әзірлеген. Еңбегі халықаралық деңгейде жоғары бағаланып отыр. Мүсіншінің туындылары Парижде өткен көрмеде Эйфель мұнарасы маңындағы ашық вернисажда көпшілік назарына ұсынылды.
Өскемендік мүсінші Юрий Костанянц бір өзі тұтас музей қалыптастырды. Көрменің тақырыбы – Қазақ хандығының тарихы. Онда Қарасай мен Қабанбай батыр, Тәуке хан және үш бидің мүсіндері қойылған. Ал орталық залда айбынды Шыңғыс хан асқақтай бейнеленген. Әр туынды терең символизмге құрылған. Мысалы, Шыңғыс ханның аяғындағы арыстан шығыс билеушілерін бағындырғанын меңзейді. Сондай-ақ Есім хан мүсіні де ұсақ бөлшектерінің нақтылығымен ерекшеленеді. Ал әр мүсінді жасауға жарты жылға дейін уақыт кетеді. Алдымен шебер кейіпкердің тарихын жан-жақты зерттеп, оның өмір жолын, болмыс-бітімі мен мінез ерекшелігін терең зерделейді.

ЮРИЙ КОСТАНЯНЦ, МҮСІНШІ:
— Өз ісіңді сүйсең, оны жан-жақты талдап, терең түсінуге тырысасың. Әрине, біз әрбір кейіпкерді дұрыс бейнелеу үшін мұқият зерттейміз.

Мүсіншінің айтуынша, музей ашу оңай емес, үлкен шығынды талап етеді. Оны күтіп ұстау үшін қымбат материалдар сатып алу қажет. Сондықтан Костанянцтың көрмелері ақылы түрде ұйымдастырылады. Алайда кіру билеттерінің бағасы символикалық деңгейде ғана белгіленген, өйткені шебер үшін келушілердің алған әсері мен ықыласы бәрінен қымбат.

АЙЗАДА ДУГИСОВА, ТҰРҒЫН:
— Мына дүниенің бәрі қолмен жасалғаны мені таңғалдырды. Әсіресе осыншалықты ұсақ-түйегіне дейін дәл берілген. Тіпті кейіпкерлердің жүзі де қандай әсем, нағыз өнер туындысы дерсің.

Бүгінде Юрий Костанянц алты жаңа жобаны қолға алған. Ал музей күмбезінің үстіндегі қалықтаған тырналар бейнесінен алдағы Жеңіс күніне арналған жаңа мүсіндік композицияларды байқауға болады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал