Алматыда елдегі алғашқы KazChessLab зертханасы ашылды. Ал шахматқа арнайы оқытылған алғашқы 25 педагогке сертифат табысталды. Зертхана Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті базасында орналасқан. Салтанатты рәсімге Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов және сала өкілдері қатысты. Қонақтар лентаны қиып, уақыт капсуласын салып, мектептерде шахматты дамытудың жаңа кезеңі басталғанын мәлімдеді. KazChessLab тек шахмат тақталары қойылған кабинет емес, мұнда заманауи клуб, әдістемелік орталық және болашақ мұғалімдерді даярлайтын алаң біріктірілген. Ал «Шахмат ұстазы» бағдарламасының алғашқы 25 түлегі бастауыш сыныптарға кәсіби деңгейде сабақ беруге мүмкіндік алды. Бүгінде шахмат елдің 20 өңіріндегі 1500 мектепте оқытылады, 60 мыңнан астам оқушы қамтылған. Мамандардың айтуынша, бұл жоба стратегиялық ойлау мен зейінді дамытатын пәнді білім жүйесіне жүйелі енгізуге жол ашады.
САЯСАТ НҰРБЕК, ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:
– Неліктен шахмат ойыны маңызды? Біріншіден, қазіргі цифрландыру, жасанды интеллект дәуірінде адамдардың зияткерлік әлеуетінің әлсіреуі және зейін мәселесі. Ақпарат өте көп, ал жүйелі ойлау, абстрактілі ойлау қабілеті әлсіреп бара жатқаны бірқатар ірі зерттеулермен дәлелденген. Шахматтың ерекшелігі кез келген адамды, әсіресе балаларды, зейінділікке, бір мәселеге фокус ұстай білуге үйретеді. Бұл – жасөспірімдер мен жас буын үшін аса маңызды қасиет, қабілет.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.