Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысына қатысып жатыр. Жиын Вашингтондағы Дональд Трамп атындағы бейбітшілік институтында өтті. Саммит барысында Газа секторындағы ахуалды, тұрақтылықты қамтамасыз етуге және қалпына келтіру мәселесіне мән берілді. Сонымен қатар сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық ірі компаниялардың жетекшілерімен бірқатар кездесу өткізді.
Кеңесте сөз сөйлеген Мемлекет басшысы саммитке қатысушыларға ілтипат білдіріп, осы тарихи іс-шараны ұйымдастырғаны үшін АҚШ Президенті Дональд Трампқа алғыс айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбітшілік кеңесі көпжақты күш-жігердің әлеуетін арттыратын, заман талабына сай ұйым деп санайды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Дональд Трамп атындағы Бейбітшілік институтында өтіп жатқан кездесуіміз батыл әрі прагматикалық әрекеттер шешуші рөл атқаратын кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Шын мәнінде, бұл – сөз күйінде қалатын қарар қабылдайтын конференция емес, керісінше нақты әрі мақсатты шаралар арқылы ұзақ мерзімді бейбітшілік орнатуға үлес қосатын жиын. Президент мырза, Сіздің жаһандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты ілгерілетуді көздейтін айқын мұратыңыз бен көреген қадамдарыңыз еліміздің Бейбітшілік кеңесіне қосылуына түрткі болды.
Президент еліміз Газа секторындағы ахуалды тұрақтандырып, аймақты қалпына келтіру жұмыстарына атсалысуға дайын екенін жеткізді. Кеңестің жаһандық күн тәртібін ескере отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда түрлі деңгейдегі кездесулер өткізу арқылы бұл бастамаға нақты қолдау көрсетуге дайын екенін растады. Президент жиында Трамп атындағы арнайы награда бекітуді ұсынды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
–Сонымен қатар Бейбітшілік кеңесі аясында Президент Трамп атындағы арнайы награданы бекітуді ұсынамын. Бұл оның бейбітшілікті ілгерілету ісіндегі ғаламат жетістіктеріне көрсеткен құрметіміз болмақ. Сіздің тегеурінді әрі көреген басшылығыңызбен Кеңес өзінің тарихи ізгі миссиясын абыроймен атқаратынына сенімдімін.
Дональд Трамп Саммитке келген мемлекеттер басшыларын шешімтал әрекеттері арқылы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға, халықаралық диалогты дамытуға елеулі үлес қосқан нағыз жаһандық ауқымдағы көшбасшылар деп атады. АҚШ Президенті Кеңеске қатысушы елдердің басшыларын таныстыру барысында Қазақстан жайлы ерекше пікір айтты.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Президент Тоқаев – Қазақстан Президенті. Сізге көп рақмет! Бұл қандай ел десеңіз? Бұл – керемет әрі бай мемлекет.
АҚШ-қа жұмыс сапары аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев авиация, қорғаныс және ғарыш техникаларын шығаратын Boeing трансұлттық корпорациясының басшылығымен кездесті. Кездесу кезінде бұл алпауыт кәсіпорын Қазақстанға жаңа Boeing ұшақтарын жеткзіуге уағдаласты. Сондай-ақ International Development Finance корпорациясының атқарушы директоры Бен Блэкті қабылдады. Беделді халықаралық қаржы институты басшысымен кездесуде инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективасы талқыланды. АҚШ-та бұдан басқа да маңызды кездесулер өтіп, тиімді бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін қаралды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.