Елімізде қызылшаның өршуіне байланысты барлық өңірде шұғыл шаралар енгізіліп жатыр. Бас санитар дәрігер бүгін Астанада өткен брифингте эпидемиологиялық жағдайдың күрделі екенін хабарлады. Күн сайын елде 80 адам қызылша жұқтырып отыр. Жыл басынан бері үш мыңнан астам адам осы ауруға шалдыққан. Қызылша әсіресе Астана, Алматы және Жамбыл облысында белең алған. Науқастардың басым бөлігі, яғни 72%-ы – 5 жасқа дейінгі балалар. Ауырған баланың 78 пайызы қызылшаға қарсы екпе алмаған. Көбінің ата-анасы вакцинадан бас тартқан. Эпидахуалды тұрақтандыру үшін Бас санитар дәрігер: «Балаларды жаппай иммундау керек», — дейді. Сархат Бейсенова науқас санының өсуіне байланысты шектеу шараларын қамтитын жаңа қаулыға қол қойған.
САРХАТ БЕЙСЕНОВА, ҚР БАС САНИТАР ДӘРІГЕР:
— Елдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында қаулы қабылдадым. Аталған қаулыға сәйкес мынадай күшейту жұмыстары жоспарланған: қызылшаға, қызамаққа және парафитке қарсы иммундау іс-шаралары; ұйымдасқан ұжымдарда, әскери бөлімдерде, білім беру мекемелерінде қызылша тіркелген кезде егілмеген адамдарды уақытша шеттете отырып, эпидемияға қарсы және алдын алу шаралары. Балаларды стационарларға жоспарлы жатқызуға қойылатын талаптар: балаларды жоспарлы емдеуге жатқызу, тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар балаларды қоспағанда, қызылшаға қарсы екпесі болған кезде ғана жүзеге асырылуы тиіс.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.