Атырауда салымшылар сан соғып қалды. Баспаналы боламыз, деп бөркін аспанға атқандар «Arkantor» құрылыс компаниясына миллиондарын аударып, қазір үйсіз жүр. Былтыр салынып бітеді деген көпқабатты екі тұрғын үйдің құрылысы тоқтап тұр. Амалы таусылған жұрт енді не істерін білмей дал.
Қаланың орталығынан пәтер аламыз деген 143 үлескер миллиондап қаржы құйған. Ең аз дегеннің өзі 3 млн теңгесін беріпті. Баспананың толық қаржысын аударғандар да бар. Енді үйлі болар уақытта құрылыс тоқтап қалған.
РАЙХАН НҰРЛАНҚЫЗЫ, ҮЛЕСКЕР:
— 4 балам бар. Жалғызбасты анамын. Өзім бағып жатырмын. Өзімнің тұрып жатқан пәтерімді сатып, осы үйге ақша салғанмын. Онымен енді ешқандай хабар жоқ. Үйімізді бітіріп берсін. Бітіріп бермесе, басқа шешімін тапсын.
ӘСЕТ СЫРЫМ, ҮЛЕСКЕР:
— Бастапқыда 12 млн-дай ақша салдым. Қазіргі таңда үйдің құрылысы тоқтап тұр. Салушы – «Arkantor» құрылыс компаниясы.
Бұл компания көршілес Маңғыстау облысында тіркелген. Тұрғындармен кездесуге келген мердігер мекеме өкілі: «Әу баста жобаның экономикалық есебінен қате кетті», — дейді. Ақша жетпеген соң құрылыс та тоқтаған. Жауапкершіліктен қашпайды. Десе де компанияның есепшоттары бұғаттаулы әрі банкрот болудың аз-ақ алдында екенін айтады.
БОЛАТБЕК ТӘЖІҒҰЛ, МЕРДІГЕР МЕКЕМЕ ӨКІЛІ:
— Қарқынды инфляцияны дұрыс болжамаған. Мекеменің мемлекеттік жобаларға, тендерлерге қатысуға үлкен потенциалы бар. Сол тендерлерге қатысып, тендерлерді ұтқан жағдайда құрылысты жалғастыруы мүмкін.
Қазір әкімдік өкілдері мердігер мен тұрғындарға көмектесу үшін инвестор іздеп жатыр. Бұл туралы қала әкімі мәлімдеді.
ШӘКІР КЕЙКІН, ҚАЛА ӘКІМІ:
— Қазір осы құрылысты жалғастыруға тұрғындармен келісімшарт жасақталып, мердігерлер іздестіріліп жатыр. Әлі үміткер шыққан жоқ.
Инвестор табылмайынша, үлескер де үмітін үкілеп, күтуге мәжбүр. Ал прокурорлардың сөзінше, арыз-шағым түссе, компания үстінен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.