Петропавлдық тұрғындар кәріз суына батып жатыр. Лас су аулаларға жайылып, мұз болып қатып қалған. Жұрт күн күрт жылынса, жағдай қиындап кетуі мүмкін деп қауіптенеді. Тіпті бұл экологияға да зиян тигізуі мүмкін. Мәселе уақытында шешілмесе, шайынды Есіл өзеніне қосылуы ықтимал.
Қала тұрғыны Анастасия Беляеваның есі екеу, түсі төртеу. Осыдан бірнеше күн бұрын баспана маңын кәрізден аққан лас су басып, мұз болып қатып қалған. Шайынды ауланы, бау-бақшаны бүлдіріп, тіпті моншаға дейін жайылыпты.
АНАСТАСИЯ БЕЛЯЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Күні кеше техника келіп, айналаны тазалап кетті. Бірақ мына мұздың бәрі тек бір тәулікте пайда болды. Яғни бұл лай су әлі келіп жатыр деген сөз. Иісі деген қалқаны қабады. Үйдің іші мүңкіп тұр. Ал кішкентай балам сонымен демалады.
ҒАЛИЯ ЕЛЕУСІЗОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Осынша су болады деп ойлаған жоқпыз. Қорқып отырмыз. Көршіміздің үйіне дейін кірген шығар.
Бұл маңайда тоған орналасқан. Негізінен ол жауын-шашынмен толады. Алайда тұрғындардың айтуынша, былтырдан бастап, мұнда кәріз суы аға бастаған. Бұл ертең экологияға зиян келтіруі мүмкін. Себебі жақын маңда Есіл өзені ағып жатыр. Жауапты мамандар бәзбіреулер кәріз коллекторына заңсыз қосылып алған болуы мүмкін деген болжам айтуда. Бірақ оларды анықтау оңай шаруа емес.
АЙДАР ОСПАНОВ, КОММУНАЛДЫҚ КӘСІПОРЫН ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Мұздың үстіне жайылып жатқан таза су емес екенін растаймыз. Сондықтан біз коллекторға кімнің заңсыз қосылып алғанын анықтауымыз шарт. Бірақ бұл оңай болмайды. Қала бойынша жабық кәріз жүйесінің жалпы ұзындығы – 119 шақырым. Оның дені жеке сектор арқылы өтеді.
Бұл мәселені экологтар да бақылауға алды. Мәселе жақын күндері шешілмесе, олар тексеріс бастауды жоспарлап отыр.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.