Енді еңбекке уақытша жарамсыз парақтары электронды форматта беріледі

Елімізде биылғы жылдан бастап еңбекке уақытша жарамсыз парақтары тек электронды форматта беріледі. Қазірден бастап кейбір емханалар осы форматқа көшкен. Бұған біздің цифрлық жүйеміз қаншалықты дайын, дәрігерлер не дейді?
2020 жылдан бері еңбекке уақытша жарамсыздық парағы қағаз түрінде беріліп келген. Енді бұл құжат толық электронды форматқа көшіріліп жатыр.

ӘСЕЛ БЕКТҰРҒАНОВА, ҚР ДСМ ЭДСДД МКҚҮА БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Бүгінгі таңда елімізде жалған құжаттарды, яғни жалған еңбекке жарамсыз қағаздарын қағаз түрінде беру фактілері көбеюіне байланысты министрлік электронды форматқа толық көшіруге дайындық үстінде. Қазіргі уақытта 198 бұйрыққа өзгеріс енгізіліп жатыр. Екінші тоқсанда толықтай электрондық форматқа көшеміз.

СЫРНАЙ ЖАНАТХАН, ТІЛШІ:
— Еңбекке жарамсыздық парағы қазір қалай беріліп жатқанын білу үшін біз қалаладағы емханалардың біріне бардық. Осындағы дәрігерлердің өзінен сұрайық деп шештік.

Біз барған емхана құжаттың бұл түрін электронды форматта беруге машықтанған. Мамандардың айтуынша, бұл жүйе өте тиімді әрі уақыт алмайды. Пациенттер қол жинап, әр кабинеттің табалдырығын тоздырмайды. Бірақ құжат келушінің сұранысы бойынша қағаз түрінде де беріледі.

БЕКЖАН НАМЕТ, РМСАК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТЕРАПЕВТІ:
— Біз 100% электрондық еңбекке жарамсыз парағына әлі көшкен жоқпыз. Ол науқастардың сұранысына байланысты жүреді. Қазіргі таңда науқастар электрондық еңбекке жарамсыз парағын қайдан алу керегін, бухгалтерияға қалай тапсыру керегін біледі. Бірақ бәрібір де қағаз жүзінде сұратады.

«Жұмыскердің еңбекке уақытша жарамсыз парағында ақау кездесуі мүмкін. Мұндай жағдайда ең алдымен медициналық мекемеге хабарлау керек», — дейді мамандар.

ӘСЕЛ БЕКТҰРҒАНОВА, ҚР ДСМ ЭДСДД МКҚҮА БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Бұл жерде Денсаулық сақтау министрлігі ғана емес, басқа да мүдделі мемлекеттік органдар қатысады, сондықтан қателіктер болуы әбден мүмкін. Біз өз тарапымыздан осындай қателіктерді ерте кезден анықтап, шешуге бар күшімізді саламыз. Ең бастысы, жұмыскерлер медициналық ұйымға уақытында жүгініп, осы мәселелер туралы айту керек.

Уақытша еңбекке жарамсыздық парағының электронды нұсқасында сырқаттың жұмыс орны жазылмайды. Бұл жеке мәліметтерді қорғау үшін қажет. Есесіне кез келген жұмыс беруші еңбеккерінің құжатын HR порталы арқылы көре алады. Яғни ауырып қалған жағдайда, дәрігерге қаралып, емделгеніңді растау үшін артынан емханаға барып, қағаз сұраудың қажеті жоқ.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал