Оралда құсбегіліктен ересектер арасында ел біріншілігі жарыс жалауын көтерді. 19 рет өткізіліп отырған байрақты бәсеке Жайық жерінде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бәсі биік додада топ жарғандар ұлттық спорт түрлерінен дүниежүзілік көшпенділер ойындарында, Азия, әлем біріншіліктерінде еліміздің намысын қорғайды.
АҚБОЛАТ МҰСТАЖАПҰЛЫ, ТІЛШІ:
— «Қансонарда бүркітші шығады аңға, тастан түлкі табылар аңдығанға…» Оралда 19 рет ересектер арасындағы құсбегілер жарысы жалауын көтерілді. Еліміздің әр өңірінен келген құсбегілер Жайық жерінен қанжығаларын қандап қайтуға ниетті.
Нәжитбан Горький 30 жылдан бері құсбегілікпен айналысады. Байрақты бәсекеге екі жасар Аққанатының қанатын қомдап, ат терлетіп шығыстан жетіпті. Бүркіттің күтімі ерекше. «Оны балапан кезінен баптап, бабын тапсаң, олжасыз қалдырмайды», — дейді құсбегі.
НАЖИДБАН ГОРЬКИЙ, ҚҰСБЕГІ:
— Бұйыртса аламыз деп келдік қой. Әр бүркіт қалай ұшады, өзінің бағына сәйкес алады. Бағы бар құс әкетеді.
Біріншілікке еліміздің 9 облысы мен 3 қаласынан құсбегілер қатысуда. Бүркіт, қаршыға, ителгі барлығы 57 құс сайысқа түседі. Алғашқы додада қырандар қолға шақыру, шырға және электрондық шырға түрлері бойынша тапсырма орындайды.
БОРАНБАЙ ТӨЛЕПБЕРГЕНҰЛЫ, ТӨРЕШІ:
— Бағы мен бабы қатар жанған құсбегілер биік тұғырдан көрінеді деп ойлаймын. Жарысты ұйымдастырып жатқан Орал халқына, қала әкімшілігіне мың да бір алғыс айтамыз.
Құсбегілер қатарында алматылық бұрымды Аяжан Даниярқызы да бар. Ұлттық спорт пен дәстүірімізді дәріптеп жүрген ол бәсі биік бәсекенің ережеге сай, жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтады.
АЯЖАН ДАНИЯРҚЫЗЫ, ҚҰСБЕГІ:
— Бүгінгі жарыстағы мақсат – міндетті түрде орын алу. Жарыс өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Дайындық керемет. Оралға көп-көп рақмет!
Ересектер арасындағы құсбегілер біріншілігі мәреге ертең жетеді. Ал бабы мен бағы қатар келген жеңімпаздар мен жүлдегерлер еліміздің құрама командасы сапына қабылданады. Үздіктер дүниежүзілік ұлттық спорт түрлері бойынша көшпенділер ойындарында, Азия, әлем чемпионаттарында ел намысын қорғайды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.