Айдаладағы ақ отау. Солтүстік Қазақстан облысында Ольшанка ауылының тұрғыны Сергей Лёвиннің баспанасы ауыл шетінде қараусыз қалды. Себебі жергілікті билік елді мекенді жағалай бөгет тұрғызып, оның үйін назардан тыс қалдырған. Тіпті құрылысшылар онда апаратын жалғыз жолды да жауып тастаған. Ал зардап шеккен азамат болса, екі жылдан бері суда қалған үйін жөндей алмай жүр. Айтуынша, әкімдік өкілдері бұл баспана бойынша қандай да бір шешім қабылдамай жатыр. Іс тіпті сотқа да жеткен. Бірақ өзгеріс жоқ. Неге?
Ольшанка ауылының тұрғыны Сергей Лёвиннің үйі 2024 жылғы алапат тасқын кезінде су астында қалған. Ол кезде мемлекеттен өтемақы беріліп, азамат баспанасын жөндеп алыпты. Алайда былтыр жағдай тағы қайталанған. Салдарынан монша, гараж, қора-қопсының бәрі Есіл өзеніне аққан. Қазір елді мекен шетіндегі жалғыз қалған үйге техника былай тұрсын, жаяу жету мүмкін емес.
Өткен жылы ауылды қоршай топырақ үйіндісі салынды. Оның ұзындығы шамамен 4 шақырымға жуықтайды. Бірақ Сергейдің баспанасы қорғанның ар жағында қалып қойған. Салдарынан ол шаңырағын тастап, қазір қалада түруға мәжбүр.
СЕРГЕЙ ЛЁВИН, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
— Мен омарташымын. Сондықтан кезінде шағын кәсіппен айналысу үшін ауыл шетіндегі осы үйді арнайы сатып алған едім. Тасқын салдарынан қаншама еңбегім зая кетті. Қазір менің бір ғана талабым бар. Жауаптылар мына бөгетті менің үйіме дейін ұзартсын. Болмаса ауылдан осыған тең келетін басқа баспана тауып берсін.
Күрмеу жылдар бойы тарқатылмаған соң, азамат сотқа да арызданған. Алайда ондағылар медиация арқылы келісімге келуді ұсыныпты. Зардап шегіп, шығынға батқан жігіт ағасы тәуелсіз сарапшы жалдағанын айтады. Олар үйдің құнын 19 миллион теңгеге бағалап отыр. Ал әкімдік ұсынған сома – одан екі есе аз.
АЗАТ ЫБЫРАЕВ, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Топырақ үйіндісі салынған уақытта ол үй су астында тұрды. Сол себепті біз оны айналып өттік. Ал қазір құрылымды ұзарту тым қымбатқа түседі. Әрі ол өзеннен небәрі 150-200 метрдей жерде ғана тұр. Ертең тағы суда қалуы мүмкін. Сондықтан қазір баспанаға техникалық тексеріс жүргізіледі. Артынша ортақ шешімге келіп, біз оны сатып аламыз.
Ольшанка ауылы ерке Есіл өзені бойында орналасқан. Осыдан екі жыл бұрын мұнда 100-ге жуық түтін болған. Ал қазір 70 үй қалды. Биыл да аталған елді мекенге тасқыннан қауіп төніп тұр.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.