Ұлттық тестілеу орталығының сайты бұзылғаны рас па?

Наурыз айында өтетін ұлттық бірыңғай тестілеуге тіркелу жалғасып жатыр. Өтініш беру 25 ақпанда аяқталады. Алайда әлеуметтік желіде басқа мәселе қызу талқылануда. Кейбір қолданушыларға орталық атынан пошта арқылы кодты растау жөнінде хабарлама келген. Осыдан кейін «парақша бұзылды» деген ақпарат тарады. Бұл не үшін? Тестілеу қалай өтеді?
«Тестілеу орталығының парақшасы бұзылды» деген хабарлама түлектер отырған чаттың біріне тарады. Наурыздағы тестілеуге дайындалып жүрген талапкерлерге жеке мәліметін бермеуді айтады.

«Достар, егер Ұлттық тестілеу орталығы атынан поштаны растау үшін код сұралса, ештеңе жасамаңыздар. Парақша бұзылған. Алаяқтар карталарыңызға қол жеткізгісі келеді».

Бұл ақпарат талапкерлер арасында алаңдаушылық тудырды. Біз мәселені нақтылау үшін орталыққа жүгіндік. Мамандар хабарламалардың расында жіберілгенін, алайда бұл тек кәмелетке толмаған талапкерлердің ата-аналарына арналған растау хаты екенін түсіндірді. Орталық парақшасы бұзылмаған.

НАУЖАН ДИДАРБЕКОВА, ҰТО ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Балалардың тарапынан хабарландырулар болды. Біз оларға бұл тек жасы кәмелетке толмаған балаларға қатысты олардың ата-аналарына жіберілген хабарландыру екенін айтып, түсіндірдік. ҰТО-ның серверлері барлық ақпараттық қауіпсіздікке сай жұмыс істейді және біз өзімізге жүктелген жауапкершілікті түсінеміз, қалыпты режимда жұмыс жүргіздік.
Кезекті тестілеу 1 наурызда басталып, 6 сәуірге дейін жалғасады. Оған ақылы негізде оқуға түскісі келетін талапкерлер, өткен жылғы түлектері мен колледж бітірушілер қатыса алады. Өтініш беру кезінде қатысушылар тест тапсыратын орнын, күнін, уақытын және легін өздері таңдайды.

Алайда ереже бұзатындар да бар. Қаңтар айындағы тестілеуге 184 мыңға жуық адам қатысты. 320 ереже бұзушылық анықталды. 198 талапкер тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін шеттетілді. 120 адам аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Бейнебақылау қорытындысы бойынша тағы екі адамның сертификаты күшін жойды.

Айта кетейік, ҰБТ жылына бірнеше рет өткізіледі. Қаңтар, наурыз және тамыз айларындағы тест нәтижесімен талапкерлер тек ақылы бөлімге түсе алады. Ал мамыр-шілде айларындағы сынақ қорытындысы мемлекеттік білім гранты конкурсына қатысуға мүмкіндік береді. Осы кезеңде екі рет тапсырып, үздік нәтижені таңдауға болады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал