Алматы облысының тас жолдарында енді көліктердің орташа жылдамдығы есептеледі. Бейнебақылау құрылғылары негізінен жол апаты жиі болатын жерлерге орнатылды. Жоба жол апаттарының санын азайту арқылы жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуге бағытталған.
Үлкен Алматы айналма автомобиль жолымен күніне 70 мыңнан астам автокөлік жүріп өтеді. Ірі мегаполисті аудандармен байланыстыратын бұл күре жолдың бойында өткен жылы 400-ден астам жол-көлік оқиғасы болды. Соның жиырмасы қайғылы жағдаймен аяқталды. Енді ұзындығы 66 шақырымдық бұл тас жол орташа жылдамдықты есептеу құрылғылары арқылы бақыланады.
ШЕРХАН БОЛАТБЕКҰЛЫ, ҮАААЖ ӨКІЛІ:
— Оның ішінде 4 бақылау аймағы бар. 4 бақылау аймағын бастан аяқ өтіп, жылдамдығын асырған жүргізушілерге 4 бірдей айыппұл келуі мүмкін. Әрбір бақылау аймағы жекеше есептеледі. Яғни бір бақылау аймағына кірген уақыт пен сол бақылау аймағынан шыққан уақыты есептеледі және әрбір бақылау аймағына жеке айыппұл тағайындалуы мүмкін.
Орташа жылдамдықты есептеу құрылғылары «Алматы–Бішкек» тас жолында да жұмыс істей бастады. Бейнекамералар негізінен жол қозғалысы ережесі жиі бұзылатын жерлерге орнатылған. Аталған автоматты кешен арқылы қажетті ақпарат әкімшілік құқықбұзушылықтарды есепке алудың бірыңғай реестріне шұғыл жолданады.
ЕРКЕБҰЛАН АХМЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД ӘП БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Қарапайым сөзбен айтқанда, көлік бақылау аймағына кірген уақыты мен шыққан уақытын тіркеп, орташа жылдамдықты есептеп шығарады. Бұл шараның негізгі мақсаты – жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және жол көлік оқиғаларының алдын алу. Болашақта кезең-кезеңімен республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының барлығына осындай жүйені іске қосу жоспарда бар.
«Фото-видео бақылау жүйесі жүргізушілерді тәртіпке шақырып, соңы қайғылы жағдаймен аяқталатын жол апаттарын барынша азайтады», – дейді полиция қызметкерлері.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.