Қостанайдағы ата-аналар бірігіп, ерекше балалар мен жастарға арналған клуб құрды. Әзірге бұл бірлестіктің тұрақты қаржысы жоқ. Сабақтар ата-аналардың есебінен өткізіледі. Бірақ әрдайым клуб мүшелерінің қызығушылығы ескеріліп отырады. Мұнда 10 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі балалар мен жастар жиналады. Клубқа 18 жастан асқандардың да көптеп қатысуы оны өзгелерден ерекшелеп тұр. Неліктен?
«Нейро+» бейресми пікірлес жандардың бірлестігі Қостанайда жарты жыл бұрын құрылды. Оның бастамашысы – Гүлсина Ғалимова, мұндағылар оны Гуля апай деп атайды. Клубқа жасы 18-ден асқан ерекше баласы бар аналар мүше, арасында бір әке бар. Балалар есейгенімен оларға дамытушы сабақтар, ортаға бейімделу, қарым-қатынас әлі де қажет.
ГҮЛСИНА ҒАЛИМОВА, КЛУБТЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ:
— Бұл идея жайлы ұзақ ойландым. 18 жастан асқан балаларымызға арнап клуб ашқым келді. Неге 18-ден кейін дейсіз бе? Өйткені олар үшін ештеңе қарастырылмаған: оңалту жоқ, шипажай жоқ, үйірмелер де, араласатын орта да жоқ. Сосын аналарға хабарласып, ақылдаса келе өз клубымызды аштық. Қазір жұмыс істеп жатырмыз. Бізде менталды арифметика, нейропсихология бағытындағы сабақтар, шығармашылық үйірмелер, шеберлік сағаттары бар.
Гүлсина Акрамқызы бұл мәселені бес саусағындай біледі. Ол немересі Диманы аяғына тұрғызды. Дмитрий мектепті үйден оқыған. 21 жастағы жігіт қазір Қостанайдағы колледждердің бірін күндізгі бөлімде оқып тәмамдап жатыр.
ДМИТРИЙ ҒАЛИМОВ, КЛУБ МҮШЕСІ:
— Маған адаммен тіл табысу оңай емес. Алғашқы айларда топтан шеттеп жүрдім. Тек оқу аяқталар тұста ғана топтастарыма біршама сіңісе бастадым.
Колледжден кейін Дмитрий жоғары білім алып, программист болуды армандайды. Ал қазір әжесіне клуб жұмысында көмектесіп жүр. Өзі де – клубтың белсенді мүшесі. Сабақтарға қатысады, әлеуметтік желілерге арнап видео түсіріп, монтаждайды. Алайда «Нейро+»-та Дима сияқтылар көп емес. Кәмелет жасына толса да, кейбір қатысушылар диагнозына байланысты әлі де ересектердің көмегін қажет етеді.
Әліби де 21 жаста. Ол шығармашылық сабақтарды және достарымен араласуды ерекше жақсы көреді. Анасы Сәуле үшін бұл клуб – үлкен демеу. Ұлына да, өзіне де. Өйткені Қазақстанда 18 жастан кейін егер менталдық бұзылыстары болса, мүгедектігі бар жандар шипажайлық емге не оңалтуға үміттене алмайды.
СӘУЛЕ ТӘУКЕБАЕВА, ЕРЕКШЕ БАЛАНЫҢ АНАСЫ:
— Ата-ана баласымен, өз мәселесімен жалғыз қалмасын деп, біз – ата-аналар, ата-әжелер бірігіп отырмыз. Өзімізге де жеңіл болсын, балаларымыз да ақыл-ой жағынан да, психологиялық тұрғыдан да дамуға мүмкіндік алсын дейміз.
ТАТЬЯНА ПРИБЫЛОВА, ЕРЕКШЕ БАЛАНЫҢ АНАСЫ:
— Ұлым 22 жаста. 18-ге дейін қандай да бір мүмкіндіктер бар ғой. Ал одан кейін бізді «оқытуға келмейді» деп қабылдамайды. Бізде мектеп те болған жоқ. Тек әлеуметтік қызметкер ғана келетін. Ал бұл жерде балалар өзара дос болды. Бір-біріне төзімді, бірінің әдетін бірі біледі, бір-біріне жол береді.
Қазір клубтың ең кішкентай мүшелері 10 жаста. Мұнда келем деушілердің бәріне есік ашық. Негізінен кәмелет жасынан асқандар келеді. Сабақтардың ақысын, табиғатқа шығуды, педагогтердің еңбекақысын ата-аналар өздері көтереді. Демеушілер де көмектеседі. Мәселен, жергілікті банктердің бірінің филиалы аптасына екі рет кабинет ұсынады. Сондай-ақ «Достлык» татар-башқұрт бірлестігі де қолдау білдіреді. Айтпақшы, Дмитрий Ғалимов еріктілік туралы жоба жазып жатыр. Ол әжесінің бастамасын дамыту үшін грант ұтып алуды мақсат етеді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.