Ұлытау облысында кенші, металлург және басқа да мамандық иелері былайша айтқанда қарапайым еңбек адамдары игі бастама көтерген. Мақсат – айналасындағы жандарға жақсылық жасауға ұмтылу.Олар осыдан екі жыл бұрын жабылып жүріп қайырымдылық қорын құрған. Осы уақыт ішінде баспанаға мұқтаж 15 отбасына қуаныш сыйлапты. Бұл жолғы көмек Сәтбаев қаласында тұратын көпбалалы, жалғызбасты әкеге көрсетілді.
Олардың атақ-лауазымы, асқан байлығы жоқ. Бірақ қашанда өзгеге қол ұшын беруге әзір. Әр салада еңбек етсе де, жұмылған жұдырықтай болып, өздері құрған қайырымдылық қорының шарапатын қиындық көрген жандарды қолдауға бағыштапты. Бұған дейін қор көмегімен 15 шаңырақ қоныс тойын тойласа, жақында тағы бір отбасы жүректері жарыла қуанды. Ол 6 баланы жалғыз тәрбиелеп келген ардақты әке болатын. Ұйымдастырушылар қуанышты сәтті есте қалдыруға тырысқан. Пранк түрінде жұмысқа бара жатқан көпбалалы әкені жол ережесін бұздыңыз деген сылтаумен тоқтатқан. Жаңа жұмысындағы бірінші күнінде кездескен келеңсіздікке ер адамның абдырап қалғаны рас. Алайда полиция қызметкерлерінің орнына оны қор өкілдері қарсы алған.
Күтпеген әзіл шынайы мерекеге ұласты. Пәтерден бөлек, ер адамға ресми түрде жұмысқа орналасуға да көмектесті. Енді ол қалалық ұйымның бірінде жүргізуші болып еңбек етеді. Жуырда ғана өз баспанасын армандап жүрген отбасының шаңырағында қазір баланың күлкісі мен алғыс сөз естіледі.
ДИАНА ЧЕБОТАРУ, АЛЕКСАНДРДЫҢ ҚЫЗЫ:
— Біз үйде өзі 6 ағайынбыз. Үлкені менмін. «Ұлытау» қорына алғысым шексіз. Рамазан айы қабыл болсын! Әкемізге рақмет! Анамыздың жоқтығын білдірмей, осы күнге жеткізді.
ЕРЛАН ЕРИЩЕВ, «ҰЛЫТАУ» ҚОРЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
— Аналары екі жыл бұрын қайғылы жағдайда қаза тапқан. Әкесі алты баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отыр, өте қиын. Өз баспаналары болмаған. Ағаш үйдегі екі бөлмелі пәтерде тұрған. Қор құрылғаннан бері бүгін 16 баспананы табысталды.
Қайырымдылық қоры көпбалалы әкеге тек баспана ғана емес, ертеңгі күнге деген сенім сыйлады. Мұның бәрі қомақты капиталы мен ықпалы жоқ қарапайым еңбек адамдарының күшімен жүзеге асып отыр. Олар: «Осы игі шара жалғасын табады», — дейді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.