Биыл бидай мен күріш алқабы азаяды. Есесіне Ауыл шаруашылығы министрі: «Картоп, жүгері мен майлы дақылдарды көбірек егеміз», — деп отыр. Шаруалар қиналып қалмасын деп Энергетика министрлігі көктемгі егіске 400 мың тонна арзан жанармай бөледі. 700 млрд теңге диқандарға жеңілдетілген несие түрінде берілмек.
Елде енді бидайға бұрынғыдай басымдық берілмейді. Ауыл шаруашылығы министрлігі экспортқа шығарғанда жоғары табыс әкелетін, әрі қуаңшылыққа төзімді жаңа дақыл түрлерін таңдап отыр. Бидайды көп егіп, оны қоймада шіріткенше, жүгері, арпа, майлы дақылдар мен мал азығын өсірген әлдеқайда тиімді деп санайды министр. Айдарбек Сапаровтың айтуынша, қазір елде 1 млн тонна жүгері өндіріледі. Алдағы үш жылда оны кемі 3 млн тоннаға жеткізу керек. Мол өнімді қытайлықтар сатып алуға дайын.
АЙДАРБЕК САПАРОВ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:
— Осыған байланысты әкімдіктерден жүгері өсіру бойынша халықаралық тәжірибені қабылдап, оның егіс алқаптарын кеңейту бағытындағы жұмысты жандандыруды сұраймыз. Солтүстік өңірлерде жүгері нашар өседі. Бір жылы өнім береді, бір жылы бермейді.
Оңтүстік өңірлерде су тапшылығы да әсер етіп отыр. Күріш алқабы 20 мың гектардан астам жерге қысқарды. Мақта өсіруде де өзгеріс бар. Үкімет басшысы суды жақсы көретін дақылдарды барынша азайтуды тапсырған.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Егін егу және күзгі жиын-терін жұмыстарын қаржыландыру көлемін былтырғыдай 1 трлн теңге деңгейінде қалдырдық. Оның ішінде техниканы лизингке алуға 300 млрд теңге қарастырылған. Мемлекет басшысының қолдауының арқасында үшінші жыл қатарынан қомақты қаржы бөлініп жатыр. Фермерлер үшін жеңілдетілген бағамен 402 мың тонна жанармай бөлу көзделіп отыр.
Бидай алқабы 125 мың гектарға қысқарып, биыл 12 миллион гектарға егілмек. Дала жұмыстары қызған шақта жанармайдан тапшылық болмауы керек. Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктері шаруаларға дизель отынын жеткізу кестесін бекіткен. 1 ақпан мен 30 маусым аралығында егін салушыларға 402 мың тонна жанармай 15 пайыз арзан бағамен беріледі.
ЕРЛАН АҚКЕНЖЕНОВ, ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:
— Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отыны қозғалысының ашықтығы мен бақылауын қамтамасыз ету үшін: жеке ПИН-кодтар алынды; дизель отынының түсін сары, көк және қызылға бояу; электрондық шот-фактура жүйесіне дизель отыны үшін бөлек виртуалды қойма құру жөнінде шаралар қабылданды.
Арзан жанармайдың әр литрі межелі жеріне жетуі тиіс. Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктеріне, сондай-ақ облыс әкімдіктеріне бөлінген отын көлемін қатаң бақылауға алу тапсырылды. Өңір басшылары бір апта ішінде аймақтағы операторлар жөнінде толық әрі нақты мәлімет ұсынуы керек. «Мемлекеттен бөлінген жанармай ұрланса, бұған жол бергендер жазасыз қалмайды», — деп ескертті Олжас Бектенов.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Осылайша, мемлекет тарапынан егіс науқанын сапалы өткізу үшін қажет жағдайдың бәрі қамтамасыз етілді. Жоспарланған шараларды тиімді әрі уақытылы іске асыру керек. Мемлекеттік қолдау жауапкершілігі жоғары әрі жұмысына адал диқандарға көрсетілуге тиіс. Әкімдіктер бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын тұрақты бақылауға алсын.
Осылайша, көктемгі дала жұмыстарының кедергісіз өтуі үшін мемлекет барлық қажет тетіктерді іске қосты. Енді басты міндет – созбалаңға салынбай, уақытында егін егу.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.