Су тасқыны қаупі жоғары Қобда және Әйтеке би аудандары бақылауға алынды

Ақтөбе облысында су тасқыны қаупі жоғары аймақта орналасқан Қобда және Әйтеке би аудандары қатаң бақылауға алынды. Синоптиктердің мәліметінше, мұнда жауын-шашын мөлшері қалыпты мөлшерден көп түскен. Сондықтан қазірдің өзінде мұнда алдын алу шаралары күшейтілді. Яғни өзен арналары тазартылып, кеңейтіліп жатыр. Ал елді мекендерден осы уақытқа дейін 250 мың текше метрден астам қар шығарылған. Бұл жұмыс наурызда да жалғасады. Сонымен қатар келесі айда су қоймаларында мұз жару жұмыстары жоспарланып отыр. Биылғы су тасқынын бағамдау мақсатында прокурорлар, әкімдік өкілдері және төтенше жағдайлар қызметінің мамандары көшпелі алқа отырысын өткізді. Облыста тасқынға қарсы инженерлік-техникалық жұмыстарға 6,5 миллиард теңге бағытталған.
ӘЛІШЕР САРЫБАЕВ, ТЖД БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ:
— Көктемгі су тасқыны кезеңіне екі мыңнан астам адам, 800-ден астам техника, 400-ден астам мотопомпа, 105 жүзу құралы және әуе кемелері дайын. Жалпы облыста дайындық жұмыстары күшейтілуде және жалғасуда.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал