ШҚО-дағы ауылдарға заманауи медициналық мекеме қажет

Шығыс Қазақстан облысындағы ауылдарға заманауи медициналық мекеме қажет. Себебі, жарты ғасыр бойы жаңармаған нысандардың тозығы жеткен. Мәселен, Шұбарқайың елді мекенінде дәрігерлер тұрғындарды медпунктке бейімделмеген ғимаратта емдеуге мәжбүр. Мәселе қашан шешіледі?
Бұл – Шұбарқайың ауылындағы жалғыз медпункт. Нысан тозып тұр. Қабырғалары сөгілген. Жаңбыр жауса, төбеден су ағады. Гүлнар Оразғалиева есімді медбике осындай жағдайда жылдар бойы қызмет етуге мәжбүр.

— ГҮЛНАР ОРАЗҒАЛИЕВА, МЕДБИКЕ:
Шұбарқайың арқылы трасса өтеді. Жылдың әр мезгілінде түрлі төтенше жағдай болады. Түрлі апаттар тіркеліп жатады. Тіпті үй жағдайында босандыруға тура келген кездер болған.

Ауыл тұрғындары бұл жерде тиісті көмек алмайды тек кеңес алып қайтады. Себебі құрал-жабдық жоқ. Болған күннің өзінде оларды тым тар ғимаратқа қоя алмайсың. Сондықтан ауылдықтар анализ тапсырып, дәрі алу үшін ауданға аттанады.

ЛЮДМИЛА МИХЕЕВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
— Дәрі-дәрмек ауылдың өзінде болса дейміз. Қазір Самарға баруға тура келеді. Ол жерде де дәріханада ұзын-сонар кезек. Жақсы жабдық болса, тексеруден де осында өтер едік. Болмашы нәрсе үшін аудан орталығына сабыламыз.

Қазір Самар ауданындағы 22 ауылдың екеуінде ғана толық жабдықталған заманауи медициналық пункт бар. Аудан әкімдігі мамандарының айтуынша, қалғандарына да дәл осындай нысан тұрғызу көзделіп отыр.

СЕРІК ЖЕҢІСОВ, САМАР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
— Туристер Қазақстанда әлі осындай медпункт бар ма деп таңғалып жатады. Халықтың қажеттілігі мен туризм дамуын ескере отырып, биыл бір жаңа медпункт салдық. Әзірге аудан бойынша біреуі ғана бой көтерді. Бізге кемі тағы үш медпункт қажет.

Бұл нысандар Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту ұлттық жобасы аясында салынбақ. 2024 жылдан бастап республикалық бюджет есебінен облыс аумағындағы ауылдарда 36 медициналық пункт пайдалануға берілген. Келесі кезекте жаңаларының құрылысы.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал