Қызылордада 10 жастағы бала ұйқысыздық дертімен күресіп жүр

Қызылордалық Әлинұр Рахым ұйқысыздықтың зардабын тартып жүр. Анасының айтуынша, баласы түнде 1 сағаттан ұзақ ұйықтамайды. «Көз шырымын ала алмаған ол түнімен дөңбекшіп шығады», — дейді. Дәрігерлер оның бірнеше себебі болуы мүмкін деп отыр. Ал салдары неге әкеп соғуы мүмкін?
Әлинұр Рахым 10 жаста. Анасы: «3 жыл бұрын мазасыз күйде ұзақ жатып, көз шырымын алатын еді», — дейді. Сол кезде дабыл қағып, дәрігерлерге алып барған. Бірақ: «Барлық тексеру мен қан талдау қорытындысы жақсы», — депті мамандар. Әлинұрға тыныштандыратын дәрілер берген. Алғашында оның көмегі болғанымен, қазір 1 сағаттан артық ұйықтамайтын халге жеткен.

АЙНАШ ҚАЙПБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Балам күннен күнге ұйқы іздемей бара жатыр. Ол менің жаныма қатты батады. «Әлинұр, шаршамайсың ба? Түнде дым ұйықтаған жоқсың ғой», — деп сұраймын. «Жоқ, мама мүлдем шаршамаймын», — дейді. Біздің әр түніміз тозақ. Дәрігерлер айтсам: «Мүмкін емес, қалай ол деп?», — маған сенбейді.
Әлинұр да ұйқысыздықтан әбден шаршаған. Көзі ісіп, дел-сал күйде жүреді екен.

ӘЛИНҰР РАХЫМ:
— Ұйқым келеді, бірақ ұйықтай алмаймын. Ерте жатсам да, сол бірден кейін ұйықтаймын. Дәріні ішсем де ұйықтай алмаймын. Ұйқыдан тұрғаннан кейін үнемі басым ауырады. Ұйықтағанда түс көрген сияқты боламын. Бірақ қарасам 5-10 минут қана өтіпті.
Айнаш Қайпбаеваның айтуынша, соңғы күндері баласында ұмытшақтық пайда болған. Ол анасын екі есе алаңдатып отыр. Ал мамандар: «Бұл қалыпты ұйқының жоқтығынан болады», — дейді. «Сондықтан баланы кешенді түрде тексеріп, себебін тез арада анықтау қажет», — дейді мамандар.

МАРИНА ВИХНОВСКАЯ, ЖОҒАРЫ САНАТТЫ БАЛАЛАР ПСИХИАТРЫ:
— Ұйқысыздықтың түрлі себебі бар. Ол психикалық, неврологиялық және соматикалық бұзылыстардан болуы мүмкін. Осы 3 топтық тексеру баланың потологиялық жағдайын толық анықтап береді. Сонымен қатар қазіргі дерттің басталуы мен дамуы анамнезін жасау керек.

ӘСЕМ ҚАСЕНОВА, ДӘРІГЕР НЕВРОЛОГ:
— Ұйқы – өсіп келе жатқан бала ағзасы үшін өте маңызды фактор. Сондықтан ұйқысыздықтың соңы түрлі өкінішті жағдайларға алып келуі мүмкін. Уақыт өте келе балада ойлау, есте сақтау, түсіну қабілеттері төмендейді. Тіпті иммунитеті түсіп, түрлі инфекциялық ауруды жұқтыру қаупі жоғарылайды.

Ұйқысыздық көбіне қарттықпен қатар келетін. Ал мамандар қазір ұялы телефонды көп көру салдарынан бұл дерт балаларға да жабысқанын айтады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал