Қарағандылық тұрғын облыс және қала әкімдіктерін сотқа беріп, соңында жеңіліп қалды. Ол Федоров су қоймасы маңында қосымша кәріз арнасын салуды тоқтатуға тырысқан. Бұл арна апатты жағдайдағы коллектордың жүктемесін азайту үшін салынып жатқан болатын. Коллекторды жөндеу үшін өткен жылдың күзінде төтенше жағдай жарияланып, айналма желілер салу жұмыстары басталған. Ал шағымданушы: «Жаңа желілердің су қоймасына дейінгі арақашықтығы 25 метрден аз. Апат болған жағдайда кәріз қалдықтары Соқыр өзені мен Федоров су қоймасына түсуі мүмкін», — деп қауіптенген. Маргарита Ким жаңа арнаның бағыты су қорғау аймағы арқылы өтіп, ондаған саяжай учаскесін, соның ішінде өзіне тиесілі көкөніс егетін жерлерді де қамтығанын айтады. Зейнеткер кәріз жүйесінде апат болса, Федоров су қоймасы үшін бұл нағыз экологиялық апатқа айналуы мүмкін деп алаңдайды. Сондықтан сот шешімімен келіспеген қарағандылық тұрғын енді апелляциялық шағым түсіруге ниетті.
ҚАНАТ ӘМІРАЛИН, СУДЬЯ:
— Қарағанды облысы әкімдігіне қарсы Маргарита Николаевна Кимнің 2025 жылғы 15 қазандағы №60/02 қаулыны заңсыз деп тану және оның күшін жою туралы әкімшілік талап-арызын қанағаттандырудан бас тартылсын.
МАРГАРИТА КИМ, ҚАРАҒАНДЫ ТҰРҒЫНЫ:
— Мен бұл шешіммен мүлдем келіспеймін. Айналма коллектордың құрылысына үзілді-кесілді қарсымын. Бұл – заңсыз құрылыс және Федоров су қоймасына зиян келтіреді. Себебі ластану қаупі артып отыр. Ал Су кодексі мұндай қауіптің алдын алу үшін қабылданған. Жасым келгеніне қарамастан, толық жауапкершілікпен мәлімдеймін. Қажет болса, бұл шешімді Жоғарғы сотқа дейін жеткіземін.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.