Ұлдана Мырзуанның ісі: күдіктілер әлі анықталған жоқ

Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына байланысты іс бойынша күдіктілер әлі анықталған жоқ. Ішкі істер министрінің орынбасары бүгін қылмыстық істі тергеу жалғасып жатқанын айтты. Полиция сот сараптамасының қорытындысын күтіп отыр.
САНЖАР ӘДІЛОВ, ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Кешенді сот-құрылыс сараптамасының қорытындысы осы айдың соңына дейін дайын болады деп күтіп отырмыз. Оны Астана қалалық Сот сараптамалары орталығы жүргізіп жатыр. Сараптама нәтижесін алған соң, күдікті ретінде кім танылатыны шешіледі. Одан кейін тергеу амалдары жалғасады.
Қайғылы оқиға былтыр 8 қарашада болғанын еске салайын. Астанада Тәуелсіздік даңғылы бойындағы тоғыз қабатты үйдің кірпіш қаптамасы опырылып, өтіп бара жатқан адамдардың үстіне құлаған. Бес адам зардап шекті. Соның ішінде жедел жәрдем бригадасымен көмекке келген 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан ауыр жарақат алып, он күннен кейін ауруханада қайтыс болды. Оқиғадан кейін полиция Қылмыстық кодекстің «Сапасыз құрылыс» және «Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауар шығару, жұмыс орындау немесе қызмет көрсету» деген екі бабы бойынша іс қозғады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал