Мемлекет басшысы XXV Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоровты ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады. Қасым-Жомарт Тоқаев спортшымыздың жеңісі еліміз үшін теңдесі жоқ жетістік екенін атап өтті. Айта кетейік, мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров, Олимпиада финалисі Софья Самоделкина мен оның бапкерлері бүгін елге оралды. Спортшыларды әуежайда қалың жұрт қарсы алып, құрмет көрсетті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Шайдоровты қысқы Олимпиада ойындарындағы тарихи жетістігі үшін ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады. Сондай-ақ спортшының бапкері Алексей Урманов ІІ дәрежелі «Достық» орденіне ие болды. Ал «Құрмет» ордені мәнерлеп сырғанаудан ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Әсем Қасановаға, жаттықтырушы Станислав Шайдоровқа және Қазақстандық конькимен мәнерлеп сырғанау одағының президенті Бауыржан Ералыға табысталды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Спорт – ерекше сала, мұнда бәріне бірдей ұнау мүмкін емес. Мұнда табысқа жету үшін аянбай еңбек ету керек. Бұл – мінезі мықты, қайсар, әлемнің кез келген аренасында ең биік белестерді бағындыра алатын жандардың жолы. Мейлі ол Еуропа, Азия чемпионаттары болсын, әлемдік дода немесе Олимпиада ойындары болсын. Саған алда тек жетістік тілеймін!
Миша өз кезегінде барша жанкүйерге, қолдау көрсеткен бапкерлерге, Президентімізге шынайы алғысын білдірді. «Италия төрінде көк туымыз желбіреп, әнұранымыз шырқалғанда, бойымды мақтаныш кернеді», — дейді отандасымыз.
МИХАИЛ ШАЙДОРОВ, ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ:
— Бұл – медаль тек менің жеңісім емес, бұл менің ата-анамның, бапкерлерімнің және маған қолдау көрсеткен барлық қазақсандықтың жеңісі. Армандар орындалады. Бұл медаль – соның дәлелі. Олимпиада алтыны мен үшін соңғы нүкте емес, алда әлі бағындыратын белестер бар. Өсіп келе жатқан жастарға үлгі болып, әрі қарай да еліміздің даңқын асқақатуа әрекет етемін.
Иә, бұл жеңісті қазақ елі ұзақ күтті және үміт ақталды. «Михаил Шайдоров – Қазақстанның алтын асығы» — деді өз сөзінде Мемлекет басшысы. Шешуші сәтте жоғары шеберлік пен мықты дайындықтың үлгісін көрсетіп, қарсыластарынан басым түскеннің арқасында Қазақстан қоржынына алтын медаль түсті. Одан бөлек қыздар арасындағы мәнерлеп сырғанаудан Софья Самоделкина үздік ондыққа енді. Ол екі бағдарламасын да мінсіз орындап, осы маусымдағы ең жоғары ұпайына қол жеткізді. Спортшыларымызды қарсы алуға келген жанкүйерлер де өз ілтипаттарын білдіруге асық болды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.