Қостанайдағы қуыршақ театрының құрылғанына 40 жыл

Қостанайдағы қуыршақ театрында мерейтой. Өнер ордасының құрылғанына биыл 40 жыл. Осы уақыт ішінде театр көптің көзайымына айналып, сан түрлі марапатқа ие болды. Жаңа қырынан ашылып, тек балаларды емес, ересектерді ерекше қойылымдарымен қуантты.
Бұл – әйгілі жазушы Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» шығармасы. Таңқаларлығы сол, бірегей туынды қостанайлық көрерменге қуыршақ бейнесінде тіл қатып жатыр. Театр майталмандары бұған дейін де ересектерге «Пиковая дама», «Жындының жазбалары» секілді қойылымды ұсынған. Яғни ойыншықтардың ойынын бүгінде тек бала емес, үлкендер де ұнатады деген сөз.

АНАРА ЖАНБЕКОВА, ТЕАТРДЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ:
— Мен шығармашылықтың ауқымы кең болғанын қалаймын. Сондықтан осы театрда еңбектеген баладан бастап, еңкейген қартқа дейінгі көрерменге қызық қойылымдар ұсынуға ұмтыламыз.

Соңғы жылдары шығармалар жас санатына қарай бөлініп келеді. Бірақ Қостанайдағы қуыршақ театры әу-баста тек балалар үшін ашылған. Биыл ақпанда құрылғанына 40 жыл толады. Айтулы датаға орай театрда музей ашылды. Онда 1986 жылы сахналанған алғашқы спектакльдің қуыршақтары, гастрольдік фотосуреттер, марапаттар мен құжаттар қойылған. Тіпті театрды ашу кезінде қолданылған «алтын кілт» те бар. Соған қарамастан сахнаның жүрегі мен жан дүниесі әртістер мен көрермендер.

АРМАН МАҒАНБЕТОВ, АКТЕР:
— Адам, ең алдымен шынайы болуы керек. Сонда ғана көрермен толық сезіне алады. Арада байланыс орнап, сиқыр пайда болады. Сәйкесінше, спектакль сәтті өтеді».

40 жыл өтсе де, бұл сахнаның сиқыры кетпеген. Керісінше заманауи көркемдік құралдармен күшейе түскен. Қазір режиссер, сценарист, гример, суретші мен актердің қолында жасанды интеллект сынды жаңа мүмкіндіктер бар. Қуыршақ театрының ұжымы үшін бұл өте маңызды. Себебі заман ағымынан қалмай, бұрынғы жетістіктермен масаттанып жүре бермей, көрерменмен арадағы байланысты одан әрі нығайта түсуге септігін тигізеді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал