Петропавлда көпір құрылысының салдарынан үйлердің іргетасы шөгіп жатыр

«Баспанамыз опырылып, үйінді астында қалып қоюымыз мүмкін». Осылай деп дабыл қаққан Петропавлдағы Жұмысшы кенті ауданының тұрғындары үрей құшағында отыр. Айтуларынша, құрылысы жүріп жатқан көпір баспаналарға тым жақын орналасқан. Салдарынан қабырғалары жарылып, іртетасы шөккен.
Қала тұрғыны Марина Сазонова күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған. Себебі басыбайлы баспанасы күн санап бүлініп жатыр. Қабырғалары жарылып, қисая бастапты. Былтыр көктемде шаңырағы тіпті су астында қалған. «Бар мәселе осы маңдағы көпірдің құрылысы басталғанда туындады», — дейді.

МАРИНА САЗОНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
— Астана қаласындағы құрылыс істері комитетіне хат жаздым. Ондағылардан тұрғын үй өткелден кем дегенде 50 метр жерде орналасу керек деп жауап берді. Ал менің баспанаммен арақашықтық небәрі — 15 метр. Қазір үйдің іргетасы сыр берді. Қабырғалары тесіліп жатыр. Сарайым құлайын деп тұр.
Көпбалалы ана Марина Золотухинада үрей құшағында отыр. Себебі оның да үйі қауіпті. Әкімдікке барып, билік өкілдеріне бар мәселені айтқан. «Алайда олар нақты бір шешім қабылдамады», — дейді.

МАРИНА ЗОЛОТУХИНА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Қабырға қайта-қайта жарылып жатыр. Жауаптыларға мән-жайды түсіндірсем, өздерің сарапшы жалдап, техникалық тексеріс жүргізіңдер дейді. Оған шамамен 1,5 миллион теңге қажет. Ондай қаржыны қайдан табамын. Балаларым үшін алаңдаймын.

Жергілікті билік өкілдері: «Құрылыс жұмыстары барлық талапқа сай жүргізіліп жатыр», — дейді. Тұрғындар енді соттан араша сұрамақ.

ТИМУР ЖҰМАНОВ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Көпірдің құрылысы аясында 36 жер учаскесі мемлекет меншігіне өтті. Ал төртінші Шмид қиылысындағы телім бұл тізімге енбеді. Себебі негіз жоқ. Дегенмен тұрғын үй коммуналық шаруашылығы бөліміндегілерге бұл баспаналардың неден бүлінгенін анықтауға тапсырма берілді. Егер олқылық анықталса, олар сотқа арыз түсіре алады.

Жұмысшы кентін облыс орталығынмен байланыстыратын өткелдің құрылысы 2023 жылы басталды. Және ол бір жылдан кейін тапсырылуы тиіс еді. Алайда тендерді ұтып алған компания кестеден кешеуілдеп, өз жұмысын уақытылы атқармаған. Әзір шаруалар 80 процентке аяқталды. Ұзаққа созылған жоба құны – 5 миллиард теңгеден асады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал