Астанада инклюзия саласына арналған отандық IT-жобалар таныстырылды

Зағип жандарға арналған «ақылды» көзілдірік, Паркинсон ауруын ерте анықтайтын білезік – мұндайдың бәрін қазақстандық өнертапқыштар да жасай алады. Бірақ оларға мықты қаржылық қолдау қажет. Инклюзия саласына арналған отандық IT-жобалар елордада таныстырылды.
Бұл – «Жанар» көзілдірігінің төртінші нұсқасы. Аккумуляторы бар, камерасы бар, өзінің процессоры де бар. Егер батырманы бір рет басса, мәтінді оқып береді, ал батырманы басып ұстап отырса, 2 секунд, онда айналада не бар, соның бәрін дыбыстап айтып береді.

Ақылды» көзілдіріктің авторы Дамир Нұркежанов зағип жандарға қажет құралды жарты жыл ішінде жасап шығарған. Атын «Жанар» деп қойған. Бір көзілдіріктің құны – 160 мың теңге. Қазірдің өзінде құралды үш адам сатып алуға дайын. Тек оны жасауға ақша керек. Инвестор табамын ба деген үмітпен Дамир ITMLab ұлттық жобасының акселерация бағдарламасына қатысып, бүгін смарт-көзілдірікті көпшілікке ұсынды.

ДАМИР НҰРКЕЖАНОВ, ӨНЕРТАПҚЫШ:
— Қазіргі таңда көру қабілетінен айрылған адамдар маңызды мәтіндерге қол жеткізе алмайды екен. Дәрілердің сыртындағы жазуды оқи алмағандықтан, басқа дәріні ішіп қоюы мүмкін. Банкке барған кезде құжаттарын, құпия сөзін басқа адам оқып қоюуы мүмкін. Осындай көптеген мәселе бар. Бұл мәселені шешу үшін біз «Жанар» деген ақылды көзілдірікті ойлап таптық. Бұл көзілдірік кез келген мәтінді қай тілде болмасын дыбыстап оқып береді.

ITMLab – мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған цифрлық шешім мен стартаптарды әзірлейтін отандық инклюзивті бастама. Осымен екінші жыл қатарынан өткізіліп жатыр. Бұл жолы 10 финалист команда дайын әрі сынақтан өткен технологиялық прототиптерін таныстырды. Олар алдын ала іріктеуден өтіп, өз шешімін дамыту үшін 600 мың теңге көлемінде грант алған.

ЗАХИРА БЕГАЛИЕВА, ITEACHME ҚҚ ДИРЕКТОРЫ:
— Бұл жобалар бүгін ғана пайда болған жоқ. Олар тоғыз ай бойы идеяларынан қазіргі прототипке жеткізіп жатыр. Шараға инвесторлар, стартаперлар, лабораториялар, министрліктен тұлғалар келіп қатысып жатыр. Солар ұнаған проектіні өздерінің қолдауына алады.

Қандай жобалар бар десек, мысалы, ауыз арқылы басқарылатын компьютерлік тінтуір қозғалысы шектеулі адамға компьютерді бөгде біреудің көмегінсіз пайдалануға мүмкіндік береді. Ал жасанды интеллекті және 3D дыбысы бар таяқ мүгедектігі бар адамның қоршаған ортамен еркін әрекеттесуіне көмектеседі. Жасанды интеллект элементтері бар интерактивті ауыз сауыт тіл мен бас қимылдары арқылы арбаны және цифрлық құрылғыларды басқаруға мүмкіндік береді. «Мүгедек жандардың өмірін жеңілдететін осындай жаңа технологиялық шешімдерді қолдаймыз, жүзеге асыруға көмектесеміз», — деді Еңбек министрі.

АСҚАРБЕК ЕРТАЕВ, ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:
— Бұлар – мүгедектігі бар адамдарға керек заттар. Ақтаудан, Өскеменнен, жан-жақтан келіп жатыр. Соларды қолдап, грант емес, менторлық көмек көрсетеміз. Менторлық көмек дегеніміз жоба идеясын әрі қарай іске асыру жағынан қолдау көрсетеміз.

Идеядан прототипке дейін жетіп, әрі қарай дамытылған инклюзивті шешімдер жоқ емес. Былтырғы алты жобаның үшеуі қазір нарықа қажет тауарды шығарып отыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал