Есту қабілеті бұзылған балалар ым-ишарамен ән айту және клоунада өнерін меңгеріп жүр

Олар жүрекпен естіп, жанымен түсінеді. Яғни сезім мен эмоция дыбыстан да анық естілетін ерекше кеңістік. Бұл есту қабілеті бұзылған балалар әлемі жайында. Павлодар қаласында есту қабілеті бұзылған балаларды оқыту мен тәрбиелеуге маманданған мектеп-интернаты жұмыс істейді. Мұнда шығармашылық қабілеттерді дамыту арқылы баланың жан-жақты, үйлесімді тұлға болып қалыптасуына ерекше көңіл бөлінеді. Оқушылар өнердің сирек түрлерін – ым-ишарамен ән айту мен клоунада өнерін меңгеріп жүр.
Мамандандырылған мектептегі ең маңызды бағыттың бірі – ым-ишарамен ән айту. Ламина Шегебаева бір күні музыканың қол қимылы арқылы да «естілуі» мүмкін екенін көріп, бұл ерекше өнерге бірден ғашық болады. «Бұл өнерді құлақпен емес, жүрекпен сезінесің», — дейді ол.

ЛАМИНА ШЕГЕБАЕВА, ӨНЕРПАЗ:
— Соңғы рет Бішкекке барып, бірінші орын алдым. Өте қатты таңғалдым. Барлығы менің жеңіске жеткеніме қуанды. Мектепті бітірген соң ым-ишарамен ән айту пәнінің мұғалімі болғым келеді. Оқушыларым мен сияқты ән айтып, байқауларға қатысса деймін.

ДИНАРА ЖЕТПІСОВА, ДЕФЕКТОЛОГ ҰСТАЗ:
— Ламина – жас өнерпаз. Ол – мектебіміздің ғана емес, бүкіл республикамыздың мақтанышы. Бішкекте өткен байқауда ол басқа елдерден келген есту қабілеті бұзылған оқушыларға шеберлік сабағын өткізіп, кез келген ерекшелігі бар баланың да өзін ашып, әлемге таныта алатынын дәлелдеді.

Мектептің шығармашылық өмірінде клоунада өнері де ерекше орын алады. Бұл жанр есту қабілеті төмен балалар үшін қажет әрі олар қызыға қарайды. Балаларды сахнаға нық шығып, күлкіні бәріне ортақ тілге айналдырып, көрерменге қуаныш сыйлап жүрген мамандардың біліктілігі ұнайды.

АСХАТ ТҰРСЫНБАЕВ, КЛОУНАДА ӘРТІСІ:
— Клоунаданы көріп, өзім де айналысқым келді. Үйрендім, көп еңбектендім. Сахнаға шыға бастағанда шабыт пайда болды.

Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп оқушылары адам мүмкіндігі кез келген шектеуден әлдеқайда шексіз екенін дәлелдеп келеді. Тек олардың жүрегіне жеткізе, жанымен ұғатындай тәрбиелеуге күш жұмсау керек.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал