Өкінішке қарай, бүгінгі жаңалықтар шығарылымын қайғылы хабардан бастаймыз. Щучинск қаласындағы жарылыс салдарынан жеті адам қаза тапты. Олардың арасында жасөспірім қыз да бар. Жалпы, 28 адам зардап шекті.
Щучинск қаласында бес қабатты үйге жапсарласа салынған палау орталығындағы өрт шамамен кешкі жетілер шамасында болған. Өрт алдында газ-ауа қоспасы жарылған. Жеті адам қаза болды: бесеуі сол жерде жан тапсырса, тағы екеуі жансақтау бөлімінде көз жұмды. Деректерге сәйкес, марқұмдардың көбі – дәмхана қызметкерлері. Қайтыс болғандардың арасында жасөспірім қыз бала да бар.
НАРИМАН ЕРМЕК, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Өкінішке қарай, қазір Бурабай ауруханадағы жансақтау бөлімінде 4 адам жатыр. Ал 6 адамға эвакуация жасалып, олар облыстық ауруханада ем алып жатыр. Жалпы, 28 адам зардап шеккен, соның ішінде 10 адам жансақтау бөлмесінде, 3 адам травмтология бөлімінде ем алып жатыр. Өкінішке қарай, 15 жастағы қыз жансақтау бөлмесінде қайтыс болды.
Мұны көрген қала тұрғындары мен құтқарушылар түні бойы кірпік ілген жоқ. Тұрғындар өздері ұйымдасып, зардап шеккен отбасыларға қол ұшын созуда. Куәгерлердің айтуынша, төтенше жағдай қызметкерлері оқиға орнын шұғыл түрде эвакуациялаған.
АЙДОС ДАУЫЛБАЙ, КУӘГЕР:
— Мен кеше осы оқиғаны өз көзіммен көрген болатынмын. Өрт өте қатты болды. Өрт сөндірушілер палау орталығынан зардап шеккен адамдарды шығарып жатты. Адамдарға қатты зиян келген.
Алдын ала мәлімет бойынша, дәмханада газ-ауа қоспасы жарылған. Бұл сәт бейнебақылау камерасына жазылып қалған.
ЕРЛАН ТӨРЕГЕЛДИЕВ, ӨРТКЕ ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
— Жедел әрекеттер нәтижесінде өртеніп жатқан ғимараттан 50 литрлік 5 газ баллоны шығарылды. Бұл іс-әрекеттер кейінгі жарылыстардың алдын алып, қайғылы салдардың болуына жол бермеді. Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалды, барлық қажет сараптамалар тағайындалды. Сараптамалар аяқталған соң тиісті құқықтық баға беріледі.
АРАЙ САДЫҚОВ, БУРАБАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
— Барлық көмек толық көлемде көрсетіледі. Оқиға болған сәттен бастап Бурабай ауданы әкімдігі тарапынан жан-жақты қолдау ұйымдастырылды. Қаза болғандардың отбасыларына екі миллион теңге мөлшерінде біржолғы материалдық көмек төленеді. Зардап шеккендерге бір миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетіледі.
Зардап шеккендер мен олардың отбасыларына психологиялық және медициналық көмек көрсетілуде. Оқиға орнында құтқару, қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Тергеу жұмыстары басталды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.