Қонаев тұрғындары қаланың тазалығына қатысты бірқатар сын айтты. Өйткені бұл қалада қар өте сирек түседі. Коммуналдық қызметтер соның өзін дұрыстап тазаламайды. Қар дер кезінде күрелмегендіктен, күн күрт жылынғанда көшелер мен жаяу жүргіншілер жолы шылқыған су болды. Сәйкесінше, ол таңертең жылтыраған мұз болып, көктайғаққа айналады. «Коммуналдық қызметтер өз жұмысын дұрыс атқарса, мұндай жағдай болмас еді», — дейді тұрғындар.
Өңірдегі таулы аудандар қыс мезгілінде ақ ұлпаға оранғанымен, Қонаевқа қар өте сирек жауады. Облыс орталығына өткен аптада түскен қардың қалыңдығы 36 миллиметрге дейін жетті. Сала мамандары: «Бұл айлық мөлшерден екі есе көп», — деген уәж айтты. Іле-шала коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшіп, қаладан 400 тоннадан астам қар шығарылды. Бұл жұмыстарға 20-дан астам арнайы техника мен 72 адам жұмылдырылған. Міне, енді күн күрт жылынып еді, жаяу жүргіншілер жолы көлкіген су болды.
Облыс орталығына кеше тағы қар жауды. Жолдарға инертті материалдар шашылып, қар аршу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Дегенмен қала тұрғындарының қоқыс шығарумен айналысатын кәсіпорынның жұмысына да көңілі толмайды.
ДАРХАН БАТЫРША, ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:
— Қазіргі таңда Қонаев қаласын тазалау бойынша 2 мердігер ұйым жұмыс істейді. Қонаев тұрғын үй ЖШС жолдарды тазалаумен айналысады және жолдарға құм сеуіп өтеді. Ал «Жасыл қала Қонаев» күнделікті санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізеді. Бұл шаруалар күнделікті істеліп тұр.
Тұрғындар тарапынан жыл басынан бері телеграмдағы «Tazaqazbot» чатына қаланың тазалығына қатысты 60-тай өтініш түскен. Алайда көбі әлі күнге дейін мұндай чат-боттың бар екенінен бейхабар. «Бұл тұрғыда әкімдік ақпараттық насихатты күшейтуі тиіс», — дейді Қонаев халқы.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.