Қасым-Жомарт Тоқаев Сербия Президентін «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Бұл – Қазақстанның ең жоғары мемлекеттік наградасы және қазақстандықтардың Сербия халқына деген ерекше құрметінің белгісі. Ақордада екі ел президенті келіссөздер жүргізіп, сауда, саясат және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты талқылады. Сондай-ақ мемлекет басшылары бірлескен мәлімдеме қабылдап, делегациялар ведомствоаралық құжаттармен алмасты.
Күн суығанымен қарым-қатынаста суықтық сезілмейді. Астананы аяз алқымнан алған тұста Сербия президенті Александр Вучич Қазақстанға ресми сапармен келді. Ақордада мәртебелі мейманды мемлекет басшысы бар сән-салтанатымен қарсы алды. Президент сарайында құрмет қараулы сап түзеп, әскери оркестр екі елдің әнұрандарын орындады.
Бұдан соң тараптар делегация мүшелерін таныстырып, шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Александр Вучич Қазақстанға келгеніне қуанышты екенін айтып, ризашылығын білдірсе, Қасым-Жомарт Тоқаев Сербияны Еуропадағы маңызды стратегиялық серіктес санайтынын жеткізді. Екіжақты ынтымақтастықты нығайту мақсатында көп жұмыс атқарылғанын атап өтті. Астана – Белград тікелей әуе рейсінің іске қосылуы мен Қазақстанда 60-тан астам серб компаниясының жұмыс істеуі – соның айқын көрінісі.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Біздің елдеріміздің парламенттері – Астана мен Белград – сындарлы саяси диалогты қолдап, парламентаралық байланыстарды нығайтып, мемлекеттік органдар мен іскер топтар арасындағы өзара іс-қимылды жүйелі түрде кеңейтіп отырғанын білемін. Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның тиімді жұмысын да атап өткен жөн. Кеше өткен Қазақстан-Сербия Іскерлік кеңесінің нәтижесі сауда және инвестициялық байланыстарды кеңейте түседі.
Екі мемлекеттің өзара тауар айналымы артып келеді. Былтыр бұл көрсеткіш 107 млн доллардан асты. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 7 жарым пайызға көп. Қазақстан экспорттаған өнімдердің негізгі үлесі ауыл шаруашылығы саласына тиесілі. Жалпы, көлемі 28 млн доллардан асады. Ал Сербиядан шамамен 80 млн доллардың тауары сатып алынған. Осы ретте Александр Вучич бірлескен жобаларға, ең алдымен құрылыс саласына, қазақстандық компаниялардың қатысуын кеңейтуге мүдделі екенін білдірді.
АЛЕКСАНДР ВУЧИЧ, СЕРБИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Біз Қазақстан ұсынған бірқатар бастаманы жүзеге асыруға әзірміз. Бұл Сербияда ғана емес, Еуропаның аталған аймағындағы маңдайалды жобалар болмақ. Сондай-ақ қазақстандық SCAT компаниясына әуе кеңістігінде бесінші деңгейлі еркіндік беру мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Ортақ іс-қимыл арқылы аталған мәселені шеше алатынымызға сенімдімін. Сербияға Қазақстанның сенімді құрылыс компаниялары мен инвесторлары келгенін қалаймыз.
Астана мен Белград қорғаныс саласы, жасанды интеллектіні дамыту мен деректерді өңдеу орталықтарын құру бойынша да жемісті жұмыс істей алады. Кеше іскерлік кеңес барысында екі елдің бизнес-делегациялары 7 келісімге қол қойды. Серб тарапы Қазақстанның электронды үкімет моделіне және бизнес пен азаматтарға арналған онлайн-сервистерді дамыту тәжірибесіне қызығушылық танытты.
ЖАНАТ МОМЫНҚҰЛОВ, САЯСАТТАНУШЫ:
— Өндірістік ынтымақтастық жаңа деңгейге шығып жатыр. Әскери сала бойынша артиллериялық жүйелерді жаңа әскери технологиялармен жетілдіру, технологиялық трансферт бойынша келісімдерге қол қойылған. Бұл біз үшін аса маңызды деп ойлаймын. Сонымен қатар IT саласында да Сербияның үлкен потенциалы бар.
Александр Вучич – халық қолдауына арқа сүйеп, елін алға бастап келе жатқан нағыз көшбасшы, беделді саясаткер. Осылай деген Қасым-Жомарт Тоқаев Сербия Президентін еліміздің ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттады
Екіжақты ынтымақтастықты дамытудың әлеуеті зор. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру, қару-жарақты жаңғырту солардың бірсыпырасы ғана. Қазақстанның Еуропалық Одақпен арадағы қарым-қатынасында Белград маңызды рөл атқара алады. Ақордадағы ауқымды кездесу аязды күндері өткенімен тараптар үшін бұл жылы жүздесу болды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.