Шымкент тұрғындары еміне дауа тапқан дәрігерлерге алғыс айтты

Медициналық мекемелерде дәрігерлер күн сайын адамдардың өмірі үшін күреседі. Науқастардың бірі жеңіл халде түссе, кейбірі бірнеше операциядан өтеді. Алғыс айту күні қарсаңында пациенттер өздерін емдеп, «өмірге қайта әкелген» ақ халатты абзал жандарға жылы лебізін білдірді. Өйткені бұл – медицина қызметкерлері үшін қызмет болса, науқастар үшін жаңа өмірге берілген мүмкіндік.
Өткен жылдың қарасында Түлкібас ауданындағы жеке үйдің бірінде түнгі сағат үш шамасында өрт шықты. Барлығы жансауғалап сыртқа шыққанда, зейнеткер Айгүл Қаңлыбаева жақындарын іздеп ішке кіріп, қызыл жалынның ортасында қалып қойған. 76 жастағы әжейдің денесінің 45 пайызын күйік шалған. Әженің ауруханада жатқанына 3 айдан асты, оған 5 рет күрделі операция асалды. Қазір зейнеткердің беті бері қараған, өзін әлдеқайда жақсы сезінеді. «Мұның бәрі – медицина қызметкерлерінің еңбегінің арқасы», — дейді.

АЙГҮЛ ҚАҢЛЫБАЕВА, НАУҚАС:
— Ауыр халде едім, қазір, Құдайға шүкір, жағдайым жақсарып, ел қатарына қосылып келе жатырмын. Маған бес рет ота жасалды, бесеуін де осы аурухананың дәрігерлері жасады. Ақ халатты абзал жандарға, осы үлкен ұжымға алғысымды білдіремін.
Ал 71 жастағы Бақыт Шерімбетов бұл орталыққа Созақ ауданынан келген. Ол моншаға түсіп жатқанда, ыстық суға күйіп қалыпты. Денесінің 15 пайызын күйік шалған ақсақал: «Дәрігерлер болмаса бір қолсыз қалар едім», — дейді.

БАҚЫТ ШЕРІМБЕТОВ, НАУҚАС:
— Медбикелер мен дәрігерлерге – бәріне рақмет! Күнделікті жарамды таңып береді, екі-үшеуі шыр айналып жүріп істейді. «Көбі кетіп азы қалды, ауылыңызға қайтасыз», — деп мені қуантып қояды.

Мақсат Мейірбеков – гипербариялық оксигенация орталығының күйік бөлімінің жоғары санатты дәрігері. 16 жыл тәжірибесі бар дәрігер әр науқастың өмірі өте маңызды екенін айтады. Сөзінше, алғысын есту – үлкен қуаныш!

МАҚСАТ МЕЙІРБЕКОВ, КҮЙІК БӨЛІМІНІҢ ДӘРІГЕРІ:
— Бөлімшеде 14 науқас жатыр, соның ішінде 3 науқас күйіктің көлеміне және жалпы жағдайына байланысты назар аударатын бақылауда. Тұрмыстық күйік көп болады, оның ішінде сумен, маймен, отпен және электр токтарымен күйген де, химиялық күйік те қаралады.

Эндокринология бөлімшесі де түрлі қиын жағдайдағы науқасқа талай үміт сыйлаған. 13 жыл бұрын қант диабетіне шалдыққан Мұрат Тәжібаев бір ай бұрын ауруы асқынып, ауыр халде ауруханаға түскен. Мамандар жағдайына қарап, санитарлық авиация көмегімен осы орталыққа ауыстырған. Жақында жансақтау бөлімінен шыққан науқастың қазір қанты түсіп, жағдайы тұрақталыпты.

МҰРАТ ТӘЖІБАЕВ, НАУҚАС:
— Жансақтау бөлімінде болдым, өткен күні палатаға шығарды. Дәрігерлерге разымын. Қызметтері адал. Бұлар болмаса, біз қайта орнымыздан тұра алмаймыз. Алғысым шексіз! Барлығына Алла разы болсын!

Ауыр халдегі науқастарды қабылдайтын бұл орталық қазір тек Шымкент қаласы ғана емес, өзге облыстардан келген пациенттерге де көмек көрсетеді.

МАДИНА ЕРМАХАНБЕТОВА, ГИПЕРБАРИЯЛЫҚ ОКСИГЕНАЦИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:
— Науқастың үміті үзілген кезде де, дәрігерлер ешқашан үмітін үзбейді. Жазылып кететініне сенім білдіртіп, 3-5 айлап, жарты жылдап жатқан науқастың өз терісін өзіне қайта жапсырып, бұрынғы қалпына келтіру үшін барын салады.

Қиын сәтте қолдау көрсетіп, үміт сыйлаған дәрігерлер бүгінде науқастардың алғысына ие болып отыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал