Қақтығыс аймағына айналған Таяу Шығыста қанша қазақстандық бар екені белгісіз. Сырқы Істер министрлігі ақпарат әлі де жиналып жатқанын хабарлады. Ал «Туристік қамқор» корпоративті қоры демалысы аяқталған 4 мыңға жуық отандасымызды қонақ үйге орналастырғанын мәлімдеді. Ахуал ушығып тұрған аймақта әуе қатынасы жабық.
Дубайда 15 мыңға жуық Қазақстан азаматы жүр деген ресми емес ақпарат бар. Әуе кеңістігі жабылып, рейстер уақытша тоқтағандықтан, көпшілік абдырап қалған. Елге қалай оралатынын білмей, кейбірі көмек сұрап, әлеуметтік желіде видеоүндеу жариялап жатыр. Алматы тұрғыны Ақбота Жиентаева Дубайдағы қазіргі жағдайды айтып берді.
АҚБОТА ЖИЕНТАЕВА, ТУРИСТ:
— Отбасыммен бірге Біріккен Араб Әмірліктерінде, Дубай қаласындамыз. Қазіргі таңда жағдай сәл түсініксіздеу. Ара-тұра жарылыс дауыстарын естиміз. Соңғы қатты дыбыс бүгін таңғы сағат 09:05-те болды. Бірақ біздің тұрып жатқан аймақта ешқандай дүрбелең жоқ, барлығы қалыпты жағдайда. Барлық мекеме жұмыс істеп тұр. Қазақстан елшілігі бізбен тұрақты байланыста. Telegram, WhatsApp желілерінде чат-арналар ашылған. Сол жерге барлық маңызды ақпаратты жіберіп жатыр.
Кемемен сапарға шығуды жоспарлап, Рашид портында қалып қойған отандастарымыз да жағдайдың орныққанын күтіп отыр. Жолаушы Алмагүл Жанұзақованың айтуынша, лайнерде 18 қазақстандық бар.
АЛМАГҮЛ ЖАНҰЗАҚОВА, ТУРИСТ:
— Жабық каюталардағы бүкіл демалушыны ашық, балконы бар каюталарға ауыстырып, қолдарынан келгенше көмек көрсетуде. Қиыншылық көріп жатқан жоқпыз, портқа шығуға ғана рұқсат бар. Қыдырушылардың қауіпсіздігі үшін порт маңайынан алыстамай тұрмыз. 8 наурызға дейін осындамыз.
«Туристік қамқор» қорының ақпараты бойынша қазір Араб түбегіндегі үш елде демалысы аяқталған 4 мыңнан астам турист елге келе алмай отыр. Бұлар – тек туркоды бар туристер.
АСЫЛБЕК ЕСІЛОВ, «ТУРИСТІК ҚАМҚОР» КҚ ДИРЕКТОРЫ:
— Араб әмірліктерінде 2500 турист туркоды бар, бәрі туристік қамқор қорының туроператорларымен бірігіп, қонақ үйге ораналстырылды. Ешкім далада қалған жоқ. Сауд Арабиясында 200 ден астам турист бар. Бәрі қонақ үйге орналастырылды. Қатар елінде 1 мыңнан астам қазақстандық турист бар. Туркоды бар барлық турист қонақ үйде орналастырылды.
Ал араб елдеріне өз бетімен барған туристердің жағдайы қалай екені белгісіз. Қонақ үйге орналаса алмай, далада қалған отандастарымызға Сая Мутанова есімді қазақ қызы көмектесемін деп шешкен. Ол Дубайда тұрады, жұмыс істейді. Сая баспана таба алмай жүргендерді өз пәтерінде орналастыруға ниетті.
САЯ МУТАНОВА, ДУБАЙ ТҰРҒЫНЫ:
— Мен өзім жиі жеке туризммен, яғни турпакетсіз демалыспен айналысамын. Сондықтан адамдар қазір қандай жағдайда болуы мүмкін екенін жақсы түсінемін. Мен осы тредте кімге көмектесе алатынымды іздедім.
Қазақстанның шетелдегі дипломатиялық өкілдіктері күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуге көшкен. Қажет болған жағдайда азаматтарға консулдық әрі құқықтық қолдау көрсетіліп жатыр. Өңірдегі елдерде және транзиттік аймақтарда жүрген отандастардың тізімі нақтылануда.
ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ:
«ҚР Сыртқы істер министрлігінде және шетелдегі мекемелерінде шұғыл байланыс желілері ашылды. Қақтығыс аймағында жүрген азаматтарымыздың саны туралы ақпарат құру жалғасуда. Бұл ретте транзиттік аймақтарда жүрген азаматтардың нақты санын атау қиын екенін атап өткен жөн. ҚР дипломатиялық өкілдіктерінің қызметкерлері туристік компаниялармен бірлесе, әуежайлар мен транзиттік аймақтарда жүрген азаматтарды орналастыру мәселелерінде қолдау көрсетуде».
Әуе компаниялары қазақстандықтарды елге жеткізу үшін қосымша, қауіпсіз бағыттарды қарастырып жатыр. Бірақ әзір күтуден басқа амал жоқ. Иран, Израиль, Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн, Кувейт, Иордания, Сауд Арабиясы, Катар, Оман, Ирак және Ливан әуе кеңістігі жабық немесе жағдай тұрақсыз.
БАУЫРЖАН ӨМІРӘЛИЕВ, АЗАМАТТЫҚ АВИАЦИЯ КОМИТЕТІ ТӨРАҒА ОРЫНБАСАРЫНЫҢ М.А.:
— Кестеге сәйкес 13 рейс тоқтатылды. Әуе кеңістігі ашылған жағдайда отандық авиакомпаниялар өздерінің әуе кемелерін ұсынуға және қайтару рейстерін орындауға дайын екенін мәлімдеді.
Таяу Шығыста қалған қазақстандықтар елге қашан қайтатыны белгісіз. Дипломаттар азаматтарды сабырлы болуға, жергілікті биліктің айтқанын орындауға және міндетті түрде елшіліктермен байланыста болуға шақырып отыр.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.