Сақылдаған сары аязда Теміртаудағы 26 үй жылусыз қалды

Теміртауда жеке сектор тұрғындары бір апта бойы үйлерінде жаурап отыр. Қатты аязда жылу желісінде апат болған. Тұрғындар оны бастапқыда өздері жөндеуге тырысқан екен. Соның салдарынан құбырға зақым келіп, 20-дан астам баспана жылусыз қалған. Қазір оларды шұғыл түрде газға қосу жұмыстары жүргізілуде. «Бірақ бағасы қымбат», — деп отыр тұрғындар.
Осыдан бес күн бұрын жылу магистралінен ақау шыққан. Тұрғындар құбырды әуелде өздері жөндеуге тырысыпты. Бірақ бұл нәтижесіз болған. Сақылдаған сары аязда 26 үй жылусыз қалды. Желдегі кадрлерде басына бөрік, мойнына шарф ораған жұрт баспанасын қалай жылытып жатқанын көрсетіп әлек. Әсіресе демалыс күндері сынап бағанасы -30 градусқа төмендеген. Қазір тұрғындар жаппай газға қосылуға кірісті.

ИГОРЬ КРОМ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Үй суық. Электр радиаторлары да дұрыс жылытпайды. Құбырлар қатып қалды. Есептеп көрсек, қазандық, материалдарды сатып алу шамамен 800 мың теңгеге шығады. Одан бөлек, қатып қалған құбырдың жөндеуі тағы бар. Шығын бір миллион теңгеге жуықтайды.

Ал жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, әбден тозығы жеткен жылу желілерін қалпына келтіру мүмкін емес. Сондықтан мәселені шешудің жалғыз жолы – газға көшу. Бұл көшеге газ желісі былтыр желтоқсанда тартылыпты. Көпшілік жазда қосылуды жоспарлаған, ал жылыту маусымының аяқталуына аз уақыт қалғанда құбырдан мұндай ақау шығады деп күтпеген. Бағасы қалтаға салмақ салған соң, әкімдік коммуналдық мекемелермен бірге тұрғындарға бөліп төлеу мүмкіндігін ұсынып отыр.

РИНАТ ҚЫДЫРБЕКОВ, ТЕМІРТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Оқиға орнында тұрғындарға газға қосылу тәртібі түсіндірілді. Құжаттарды рәсімдеу жолы және мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары айтылды. Қазір 26 үйдің 18-і техникалық шарттарын алып үлгерді. Жеті үйде құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Ал бір баспана орталық газ желісіне толық қосылған.

Қазір жұрт үйлерін электр жылытқыштармен барынша жылытуға тырысып жатыр. Кейбірі туыстарын үйін жағалауға мәжбүр, енді басқалары газдың қосылуын тағатсыздана күтіп отыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал