Еңбек ауылының азаматы ауылына жаңа мектеп салып берді

Шаруа өз қаржысына туған ауылына жаңа мектеп салып берді. Есіл ауданына қарасты Еңбек ауылының оқушылары бүгінге дейін көрші елді мекендерге қатынап білім алып келген. Туған жері мен ондағы жас буынның тағдырына алаңдаған азаматқа ауылдағы ағайын алғысын ақтарды.
Еңбек – 30-дан астам түтіні бар, облыс орталығынан 100 шақырымдай жерде орналасқан шағын ғана ауыл. Бұрын мұнда білім ұясы болған. Алайда 2017 жылы ол жабылып, артынша ғимараты тіпті сатылып кетіпті. Салдарынан жергілікті халық жан-жаққа үдере көшіп, оқушылар көрші ауылдарға қатынап оқуға мәжбүр болды. Сондықтан алтын бесікті сақтап қалу үшін ауыл азаматы Қайырбек Қожасов өз ақшасына жаңадан мектеп тұрғызды.

ҚАЙЫРБЕК ҚОЖАСОВ, ШАРУА:
— Бұл мектепті салғандағы басты мақсат – ауыл тұрғындарын шетке жібермей ұстап алып қалу. Ауылдағы мектеп – тіршіліктің көзі. Мектеп болса, отбасылар ешқайда тарамайды, ауылда қалады. Былтыр мамыр айының 15 күні бастадық. Қазан айының 15-інде, яғни бес айдың ішінде бітірдік. Асханасы, дәретханасы, спортзалы бәрі ішінде.

50 балаға арналған білім ұясы жуырда жұмысын бастады. Әзір мұнда 20-ға тарта оқушы қабылданған. Ал олардың сапалы білім алуына мұнда барлық жағдай жасалды. Енді ата-аналардың да уайымы жоқ, балалардың да көңілі тоқ.

ӘЛИНҰР СОВЕТЖАН, ОҚУШЫ:
— Мектеп өте әдемі, жылы, жарық. Осы мектепті салған ағаларға алғыс айтамыз. Сабақтары жақсы, мұғалімдері де тәртіпті. Түсіндіріп айтады.

Жоба құны – 350 миллион теңге. Ал ғимараттың аумағы 900 шаршы метрге жуықтайды. Білім мекемесіне 10-ға тарта адам жұмысқа қабылданды. Барлығы – Еңбек ауылының тұрғындары.

ТОЛҚЫН КӘКЕНОВА, МЕКТЕП МЕҢГЕРУШІСІ:
— Орыс тілі, ағылшын мұғалімі, цифрлық сауаттылық мұғалімі қажет. Үш сынып бар: мектеп алды даярлық және екі мен төрт, бір мен үшінші сынып. Алдағы уақытта мектебімізде оқушылар саны толады деген ойдамыз. Ата-аналарда, оқушыларда, мұғалімдерде өте риза.

Туған жерге тағзым сөзбен емес, іспен дәлелденді. Балаларға тамаша тарту жасаған азаматтың бұл еңбегі көпке үлгі. Қаймағы бұзылмаған ауылда келешекте жаңа үйлер салынып, мемлекеттік бағдарлама бойынша оңтүстіктен қоныс аударатын отбасыларды орналастыру жоспарланып отыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал