Үкімет жол қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған жаңа шараларды бекітті

Елімізде жол қауіпсіздігін арттыру үшін интеллектуалды көлік жүйелері кеңінен енгізіледі. Бұл – жол қозғалысын тиімді реттеп, апаттардың алдын алуға бағытталған маңызды қадам. Сондай-ақ жолдардың жағдайын бақылауға мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық платформа іске қосылмақ. Үкімет отырысында Көлік және цифрлық даму министрліктеріне тиісті тапсырмалар берілді. Бұдан бөлек, еліміздегі бірқатар жол учаскесінде ақылы жүйе енгізіледі.
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың мәліметінше, 2029 жылға дейін елімізде 10 мың шақырым автожолға орташа жөндеу жүргізіледі. Қазір оның 5 мың шақырымы аяқталған. Алдағы үш жылда көлік логистика саласында ірі жобалар қолға алынады.

НҰРЛАН САУРАНБЕВ — ҚР КӨЛІК МИНИСТРІ:
— 3 жылда жалпы ұзындығы 3,25 шақырым болатын жобалар іске асылырады. Оған 4,6 трлн теңге қарастырылған. Елге экономикалық пайда әкеледі.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметінше, былтыр 8 800 шақырым жол жөнделді. Апатты жағдайда тұрған 53 көпір қалпына келтірілді. Үкімет сағатында ақылы автомобиль жолдарын дамыту жұмысы баяндалды.
Қазір елімізде 4,9 мың шақырым болатын 26 ақылы автомобиль жолы бар. Биыл тағы 6 жол учаскесіне төлем жүйесі енгізіледі. Бұл Қарағанды-Балқаш-Бурылбайтал, Ақтөбе-Қандыағаш-Мақат, Талдықорған-Өскемен, Атырау-Астрахань, Мерке-Шу-Бурылбайтал бағыттарын қамтиды.

ДАРХАН ИМАНАШАЕВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰК БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
— Ақылы жолдарда ақаулар анықталған жағдайда жол жүру ақысын уақытша тоқтату нормасы енгізілді. Қазіргі таңда 14 учаскеде жалпы көлемі 1 млн 100 мың шаршы метр ақау тіркелді. Жөндеу жұмыстары биылғы жол-құрылыс маусымында қолға алынады. Азаматтардың өтініші бойынша төлем мерзімі 7 күннен 30 күнге дейін ұзартылмақ. Қазіргі таңда бұл өзгерістерді мемлекеттік органдар келісімдеуде. Былтыр ақылы жолдардан 87 миллиард теңге жиналды.

ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Үкімет басшысы өңіраралық жолдарды дамытуға және ең бастысы – жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударуды тапсырды. Себебі жолдардың жағдайына қатысты халықтың шағымы азаймай тұр. Былтыр мұндай арыз-шағымдар 1,5 есе көбейген. Ал биылдың өзінде 7 мыңға жуық өтініш түскен. Әсіресе Атырау мен Орал бағытындағы жолдардың жағдайы сын көтермейтіні айтылды. Үкімет басшысы жолдардың сапасы тек жауапты министрліктің ғана емес, жергілікті әкімдіктердің де тікелей бақылауында болуы тиіс екенін ескертті. Сонымен қатар жол бойындағы сервистік орталықтарды дамыту, жүргізушілерге қолайлы жағдай жасау мәселесі де көтерілді.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Ұлттық стандарттарға сай келетін нысандардың қатары көбейіп келеді. Бірақ олар ірі елді мекендердің маңында орналасқан. Трассалардың бойында жүргізушілерге жанармай бекеттері мен жол белгілерін орнату керек. Сервистік орталықтарды ашу бойынша шаралар қабылдануы тиіс.

Үкімет басшысы Көлік және цифрлық даму министрліктеріне жыл соңына дейін бірыңғай цифрлық платформаны іске қосуды тапсырды. Жаңа жүйе республикалық, облыстық және қалалық жолдар туралы деректерді біріктіреді. Бұл жолдардың жағдайын, жөндеу жұмыстарының барысын және бюджет қаржысының жұмсалуын онлайн режимде бақылауға мүмкіндік бермек. Жол қауіпсіздігін арттыру үшін интеллектуалды көлік жүйелерін енгізу жайы да айтылды. Айта кетейік, былтыр елімізде 36 мың жол апаты болған.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал