Астанада оқушыларға интернеттегі алаяқтықтан қорғанудың тәсілдері түсіндірілді

Елордада киберқауіпсіздік тақырыбында форум өттті. Оқушылар мен ұстаздарға интернеттегі алаяқтық пен түрлі қауіп-қатерден қорғанудың айла-тәсілі айтылды. Мамандар «заң мен тәртіп» қағидатын түсіндіріп, кибергигиенаны сақтаудың жолдарына тоқталды.
Сарыарқа ауданының прокуратурасы өткізген «Киберқауіпсіздік: заманауи қатерлер және қорғану тәсілдері» форумына оқушылар, ұстаздар мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Жиында интернет алаяқтық, әлеуметтік желідегі қауіп және жеке деректерді қорғау мәселелері талқыланды.

ТАРХАН ЗАКАРИН, САРЫАРҚА АУДАНЫ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ:
— Қазіргі таңда аталған санаттағы кәмелетке толмағандар – интернетті көп пайдаланушылардың бірі. Себебі олар оқу процесі барысында телефонды күнделікті қолданады. Өздеріне ойындарды жүктеу арқылы осындай интернет алаяқтықтың немесе киберқылмыстың нысанына айналуы мүмкін.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның басты мақсаты – жасөспірімдердің цифрлық сауаттылығын арттырып, киберқылмыс құрбаны болудан сақтандыру. Қатысушыларға нақты мысал негізінде қауіпсіздік ережелері түсіндірілді.

Форум аясында мамандар кибербуллинг, фишинг және интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған ақыл-кеңес берді. Оқушылар сұрақ қойып, құқықтық жауапкершілік туралы маңызды ақпарат алды.

«Заң мен тәртіп» және киберқауіпсіздік аясындағы түсіндіру жұмыстары мұнымен аяқталмайды. Ұйымдастырушылар енді еңбек ұжымдары және зейнеткерлермен кездесуді жоспарлап отыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал