Референдумда дауыс берерде сайлаушы нені білуі керек?

Елорда Референдумға дайындалып жатыр. Астаналықтар 517 сайлау учаскесінде дауыс береді. Саяси науқан кезінде тіркеуде жоқ азаматтарға жағдай жасалады. Ал ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға да арнайы мүмкіндік қарастырылған. Ол үшін 6 ауданда арнайы қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Ендеше, сайлаушы нені білуі керек? Заңгер кеңесіне құлақ түрейік.
Дәл қазір Астанада тіркеуден өткен 1 миллион 15 мың 549 дауыс беруші бар. Оларға 517 учаскеде азаматтық пайымын білдіруге жағдай жасалады. Дегенмен тізім әлі де нақтылану үстінде. Қазір референдумда жұмыс істейтін арнайы комиссия мүшелері тиісті іріктеуден өтіп, арнайы курстарда тәлім алып жатыр. Заң бойынша шақыру билетін әрбір сайлаушыға жеткізу де комиссияның мойнында. Ал дәл саяси науқан күні қалаға іс-сапармен келген немесе белгілі себептермен тіркеуде жоқ азаматтар уақытша тұрып жатқан жеріне жақын маңда орналасқан учаскеге алдын ала барып, тіркеу талонын алады. Сонымен қатар Астана қаласы бойынша дауыс беруге құқылы, мүгедектігі бар 6 мыңға жуық адамның таңдау жасауына мүмкіндік беріледі.

БЕЙСЕМБАЙ ЖҰМАБЕКОВ, АУМАҚТЫҚ РЕФЕРЕНДУМ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
— Біз ол кісілерге бүкіл мүмкіншілікті жасап жатырмыз. Өздеріңізге белгілі, сайлау учаскелерінде мүгедектігі бар азаматтарға арналған кабиналар болады.
Мамандардың айтуынша, республикалық референдум барысында сақталуға тиісті заң ережелері де бар. Оны әрбір азамат білуге тиісті.

ЖАМАЛАДЕН ИБРАГИМОВ, ЗАҢ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:
— Заңға сәйкес жүргізілетін іс шара болғандықтан, ол жерлерде нақты заңға байланысты тыйымдар болады. Референдумға дейінгі күн тыныштық күні деп аталады. Сол күні және Референдум күні Референдум мәселесіне байланысты сұрақтарды көтеруге болмайды. Яғни барасыз ба, бармайсыз ба, сіз «иә» деп бересіз бе, «жоқ» деп бересіз бе деген мәселе көтеруге болмайды. Құпия дауыс беру деген принцип бар. Бұл Конституцияда жазылған. Әр азамат өзі барып, дауысын беруі керек. Яғни туысына, досына өз орнына дауыс беру құқығын бере алмайды.

Сондай-ақ дауыс беру кезінде бюллетеньді бүлдіруге болмайды. Өйткені ол – мемлекет мүлігі. Оны қасақана бояп, басқа белгі салуға заңмен тыйым салынған. «Референдум күні азаматтар дауыс берген бюллетеньді суретке, видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жарияламауы керек», — дейді заңгер.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал