Ақтөбе тұрғыны үйінде қызғалдақ өсіреді. Ол күйеуімен бірге үй жанынан жылыжай тұрғызып, алғашқы гүлдерін жинап та жатыр. Оны көтерме және бөлшек саудаға өткізбек ойы бар. Алтынгүл Әбілханова алдағы көктем мерекесінде гүлдері толықтай сатылып кетеді деп үміттенеді. Өйткені шағын кәсіпті дамытуға отбасы көп күш, білім және қаржы жұмсаған. Қызғалдақ өсіру қаншалықты тиімді?
Алтынгүл Әбілханова гүл бизнесімен алты жылдан бері айналысады. Бастапқыда дайын қызғалдақ сатып жүрген. Кейін күйеуі екеуі жылыжай саламыз деп шешті. Қазір бұл жерде мыңдаған қызғалдақ өсіп жатыр. Алтынгүлдің айтуынша, гүл бизнесі әдемі көрінгенімен, оңай емес. Барлық тәуекелді ескеру қажет. Мысалы: «Биыл Голландиядан әкелінетін қызғалдақ жуасының бағасы екі есе өсті, бұл гүл бағасына әсер етпей қоймайды», — дейді кәсіпкер.
АЛТЫНГҮЛ ӘБІЛХАНОВА, КӘСІПКЕР:
— Бұл – маусымдық жұмыс. Сондықтан алдағы уақытта тағы не өсіре алатынымызды ойластырып жатырмыз. Бірақ оған уақыт пен тәжірибе қажет. Әуелі қызғалдақ бизнесінен түскен табысты есептеп, кеңейтеміз бе, жоқ па, соны шешеміз. Жуасы қымбат болса, басқа бағытқа көшеміз деп ойлаймын.
Қызғалдақ 8 наурызға дейін дайын болуы үшін бағбандар қазан айынан бастап жұмысқа кіріседі. Гүл топырақсыз, гидропоника әдісімен өсіріледі, яғни тамыры дәрумен қосылған ерітіндіден қоректенеді. Шағын гүл шоғын өсіру үшін шамамен 5 ай керек. Аймақта гүл өсіретін жылыжай көп емес. Бары тиынды тиынға қосып, аз қаржымен еңбек етіп жатыр. Әкімдік қызметкерінің айтуынша, ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер шағын бизнесті қолдау бағдарламаларына қатыса алады.
МӘДИ КЕМЕШЕВ, ЖАСТАР САЯСАТЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
— Ақтөбе облысында бірнеше жоба бар. Оның ішінде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталғанын атап өтсек, «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы. Ол республикалық деңгейде жүзеге асырылады және жергілікті деңгейде де бар. «Тәуелсіз ұрпақтар» жобасын алты бағыт бойынша жүзеге асыра бастадық. Оны наурыз айында береміз деп жоспарлап отырмыз.
«Бизнес үшін жағдай жақсы, ең бастысы – өсуге деген ұмтылыс», — дейді Алтынгүл Әбілханова. Ол ұзақ уақыт бизнес әйел рөлін зауыттағы жұмысымен қатар алып жүрді. Зертханашы болып еңбек етті. Қазір бала күтімімен үйде. Алтынгүл гүл кәсібін әрі қарай дамытуды жоспарлап отыр. Себебі әдемі гүлдерге әрдайым сұраныс бар.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.