Абай облысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелерінің өңір жұртшылығымен кездесуі өтті. Сапардың басты шарасы Абай атындағы облыстық кітапханада аймақ белсенділерімен өткен кездесу болды. Жиынға 500-ге жуық адам жиналды. Талқылауға мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, саяси партиялар, Қазақстан халқы Ассамблеясы, ардагерлер ұйымдары, бизнес, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, ғылым салаларының өкілдері және жастар қауымдастығы қатысты. Диалогтың негізгі тақырыбы – жаңа Конституция жобасы мен алдағы 15 наурызда өтетін республикалық референдум. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин құжатты дайындау барысындағы негізгі принциптерге егжей-тегжейлі тоқталды. Ол бұл жұмыстың ашық жүргізілгенін және қоғамның кеңінен атсалысқанын, ал азаматтардың ұсыныстары e-Otinish және eGov цифрлық платформалары арқылы қабылданғанын атап өтті.
ЕРЛАН ҚАРИН, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК КЕҢЕСШІСІ:
– Жаңа Конституцияда кез келген санаттағы, кез келген әлеуметтік және кәсіби топтағы, кез келген жастағы адам өз мүдделерінің қамтылғанын көре алады. Бұл не деген сөз? Бұл – әрбір азамат өз құқықтарын қорғауда сенімді конституциялық кепілдіктерге ие болады деген сөз. Жаңа Конституцияға сәйкес, барлық азамат жасына, әлеуметтік және өзге де жағдайына қарамастан еңбек ету және демалу құқығына, білім алуға және денсаулығын сақтауға, сөз бостандығы мен бейбіт жиындар өткізуге, жеке деректерін қорғауға қолайлы қоршаған ортаға ие бола алады.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.