Қ. Тоқаев бірқатар маңызды нысанды ерекше бақылауға алуды тапсырды

Әуежай, теңіз, өзен порты, сондай-ақ энергетикалық және коммуналдық жүйелер- ерекше бақылауға алынсын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің маңызды инфрақұрылым нысандарының қауіпсіздігін барынша арттыруды тапсырды. Үкімет басшысына, күштік құрылымдар мен әкімдерге жүктелген бұл жұмысты тікелей Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы қадағалайды. Бұл туралы Президенттің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Айбек Смадияров хабарлады.

Иран жұрты қайғыдан қан жұтып, 168 мектеп оқушысын жер қойнына тапсырды. Кебінге оралған балалардың сүйегі бір зиратқа қатар жерленді.

Марқұмдардың жаназасына жиылған адамда есеп жоқ. Бұл қасіретке АҚШ пен Израиль кінәлі. Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи солай дейді.

4 күнде Иранға 2 мыңнан астам соққы жасалған. АҚШ-тың орталық қолбасшылығы ирандық 17 әскери кеме мен қайықтың көзін жойды. Иран да қарап қалмай, қарымта қайтарып, зымырандарын жаудырып жатыр.

Ислам революциясы сақшылар корпусы Тель-Авивті тас-талқан етті. АҚШ-тың араб елдеріндегі базаларына соққы жасады. Бір мезетте Американың 9 елдегі әскери орталығына оқ жаудырды. Одан қалды, Сауд Арабиясындағы Америка елшілігін дронмен атқылады. Дубайдағы консулдыққа жанындағы жарылыс тағы бар.

Тынышы қашқан Таяу Шығыстан қазір мыңдаған турист елдеріне қайта алмай әлек. Себебі әуе кеңістігі жабық. Соның кесірінен Дубай, Доха және Абу-Даби секілді жеті ірі әуежайда шамамен 21 300 рейс тоқтаған.

ПОЛ ЧАРЬЗ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНСУЛЬТАЦИЯЛЫҚ АГЕНТТІК БАСШЫСЫ:
– Соңғы бірнеше жылда Таяу Шығыстың дамуы өте қарқынды болды. Адамдар ол жаққа демалуға барды. Қоныс аударды. Бизнес жүргізу үшін таптырмас алаң ретінде таңдай бастады. Әсіресе Дубай, Доха және Абу-Даби сияқты негізгі әуе хабтарының айтарлықтай өскенін көріп отырмыз. Сондықтан жабылған кезде бұл тек демалушы ғана емес, іскерлік сапардағы жолаушыларға да, жүк тасымалына да елеулі әсер ететінін сездік. Бұл жалпы жеткізу тізбегіне үлкен ықпал етті.

Осындай күрделі ахуалға қарамастан кеше мыңдаған қазақстандық елге аман-есен жеткізілді. Мұндай шұғыл қам жасаған Қазақ еліне шетелдіктер таңданысын жасырмады

ЕРЛАН ЖЕТІБАЕВ, СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
– Бүгінгі таңда Иранда 47, Израильде 363, Катарда үш мыңнан астам, Біріккен Араб Әмірліктерінде төрт мыңнан астам, Сауд арабиясы корольдігінде шамамен 1800 Қазақстан азаматы бар. Аталған елдердегі азаматтармен тұрақты түрде байланыс бар және жағдайдың дамуына қарай қажетті ұсынымдар берілуде.

Ирандағы қарулы қақтығыс қазір бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Тұрақсыздықтан халық тентіреп, босқындар мәселесі өрши ме деген қауіп бар. Бұдан бөлек, әлем экономикасына айтарлықтай әсерін тигізбек. Қазірдің өзінде Азияның қор нарығы құбылып тұр. Инвесторлар құнды қағаздарын жаппай сата бастаған.

ЙОАХИМ КЛЕМЕНТ, LIBERUM CAPITAL КОМПАНИЯСЫНЫҢ СТРАТЕГИЯ ЖӨНІНДЕГІ БАСШЫСЫ:
– Ең жағымсыз жаңалық – Сауд Арабиясындағы ең ірі мұнай өңдеу зауытының жұмысы тоқтады, ал Катар сұйытылған табиғи газды (LNG) экспорттай алмай отыр. Сондықтан бұл алдағы кемінде төрт апта бойы, мүмкін одан да ұзақ уақытқа, жаһандық жеткізілімге кедергі келтіреді. Қазір мұнай және қор нарықтары дәл осы жағдайды есепке алып, соған сәйкес әрекет етіп жатыр.

Шиеленіс одан әрі ушықса, қақтығыс тек өңірлік қауіпсіздік дағдарысымен шектелмей, жаһандық деңгейдегі проблемаға айналуы мүмкін.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал