Үкімет халықтың табысын арттырудың жолын іздеп жатыр

Азық-түлік бағасының өсуін тек қосымша құн салығымен байланыстыру дұрыс емес. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Мәжілісте осылай деді. Серік Жұманғарин бұның бірнеше себебі бар деп, тамақтың неге қымбаттағанын түсіндіріп берді.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Мәжіліске басқа сұрақпен келген вице-премьерді журналистер жан-жақтан қаумалап алды. Жаңа жыл басталғалы елде азық-түлік біраз қымбаттағаны рас. Соның себебін сұрады. Серік Жұманғарин оны қосымша құн салығының өскенімен байланыстырмайды. Ұлттық экономика министрі мұның бірнеше себебін атады. Біріншіден, еліміз өзін барлық азық-түлікпен толық қамтамасыз етіп отырған жоқ. Әлеуметтік маңызы бар өнімдер бойынша көрсеткіш жаман емес – 70 пен 90 пайыз аралығында. Бірақ кей тауарлар әлі де шетелден келеді. «Ал импорт бар жерде баға сыртқы нарыққа тәуелді», — дейді Жұманғарин. Бұған қоса, әлемдік нарықта азық-түлік құны шарықтап тұр. Сүт пен еттің бағасы жаһандық деңгейде айтарлықтай өскен. Соның салдарынан қазақстандық өнім шетелде сұранысқа ие бола бастады. «Ал фермер үшін қай нарық тиімді болса — таңдау да сонда», — деді Серік Жұманғарин. Десе де Үкімет қол қусырып, қарап отырған жоқ. Халықтың табысын арттырудың жолын іздеп жатыр.

СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
— Әрбір адамның азық-түлік алғанда өзінің лимиті бар дүкенге барғанда тамаққа қанша жұмсайды, кеше барғанда, ертең барғанда, салыстырады ғой. Қымбаттап кетсе, әрине әрбір адам оны сезеді. Сол себептен біздің қазір басты мақсатымыз – халықтың табысын көтеру. Арнайы бағдарлама жасап жатырмыз. Осы маусым айына дейін оны Үкіметтің қаулысымен бекітіп, іске асырамыз. Халықтың ең төменгі табысын жылына 2-3 процентке көтеру – біздің мақсатымыз.

Бағаның өсуіне әсер еткен тағы бір фактор – импорттық инфляция. Спикердің айтуынша, азық-түліктің елеулі бөлігі Ресейден әкелінеді. Қаңтарда Қазақстандағы азық-түлік инфляциясы 0,8 пайыз болса, Ресейде бұл көрсеткіш шамамен 2 пайызға жеткен. Негізгі сауда серіктесіндегі баға өсімі ішкі нарыққа да әсер етпей қоймайды. Жұманғарин Таяу Шығыстағы жағдай біздің экономикаға қалай әсер ететінін де айтты. Қазақ кәсіпкерлері былтыр Иранға 1 млн 200 тонна бидай экспорттаған. Екі елдің тауар айналымы 430 млн АҚШ доллары болған. Қазір бидай экспорты уақытша тоқтап тұр.

СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
— Логистикалық байланыс, сақтандыру – бәрі өзгеріп жатыр. Алдағы уақытта жағдайдың қалай болатынын барлығы күтіп жатыр. Қазір нақты айтуға қиын. Бірақ былтыр да дағдарыс жағдай болды ғой, бірақ оған қарамастан біз тауарды апардық, ақшасын алдық. Сол себепті бұл мәселе де ұзақ мерзімге созылмай, екі жақ бір шешімге келеді деп ойлаймыз.

Айтпақшы, жаңа салық реформасы іске асқалы қосылған құн салығын төлеушілер артқан. 1,2 миллион адам «жеңілдетілген» салық режимін таңдады. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар күрт өсіп, 346 мыңнан асқан. Оның ішінде такси жүргізушісі, тауар мен тамақ таситын курьер бар. Барлығы 280 мың адам өзін-өзі қамтушы ретінде ресми тіркеліп, салық төлей бастады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал