СҚО-да тасқын қаупі күшейді: Есілдегі мұз қалың

Солтүстік Қазақстан облысында жер қабаты бір жарым метрге дейін қатып қалған. Ауа райы күрт жылынса еріген қар суы сіңбей, жан-жаққа жайылуы ықтимал. Әрі Есіл өзенінде де биыл мұз қалың. Өңірде гидрологтар су айдындарына шығып, ағыс жылдамдығын өлшеп, болжам жасауға кірісті. Қауіп басым. Атып келмейтін апатқа аймақ қаншалықты дайын?
Инженер-гидрологтар әр бес күн сайын Есіл өзеніне шығып, мұздың қалыңдығы мен ағыс жылдамдығын өлшейді. Бұл тасқынға байланысты нақты болжам жасау үшін қажет. Жауаптылардың сөзінше қазір көрсеткіш әр жерде әртүрлі.

Бұл – Петропавл қаласы маңы. Кей аудандарда өзендегі мұз 74 сантиметрге дейін қатқан. Былтырғы жылмен салыстырғанда 15 сантиметрге көп. Гидрологтардың айтуынша, күн күрт жылынса, сең жүріп мұз кептелуі мүмкін. Мұнымен қоса, аймақта жердің тоңдану тереңдігі де екі есе артқан. Ал «Сергеев» су қоймасы 97 процентке толып тұр.

ДӘУРЕН ҚОСШЫҒҰЛОВ, «ҚАЗГИДРОМЕТ» БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
— Былтыр бұл кезде жердің қатуы 73 сантиметр болған еді. Ал биыл екі есе жоғары. Наурыздың екінші-үшінші он күндігінде ауа температурасы жоғарылайды. Яғни күндіз 5-7 градус жылы болады деп күтілуде. Сол себепті «Сергеев» су қоймасына орта есеппен 2,6 миллиард текше мерт су келеді деген болжам бар.

Осыған байланысты төтенше жағдайлар қызметінің мамандары облыста 112 елді мекенді бақылауға алды. Бұл ауылдарда қазір шамамен 2600-ден астам үй мен 7 мыңға жуық адам тұрып жатыр. Аймақта жедел әрекет ету топтары жасақталды. Олардың алды жақында аудандарға аттанады.

ӘСЕТ ШАЙКИН, ТЖД БӨЛІМ БАСТЫҒЫ:
— Бірінші кезекте Уәлихан, Ақжар, Ғабит Мүсірепов және Шал ақын ауданына көмекке бригадалар жіберіледі. Ал Есіл өзенінде мұз кептелісін болдырмау үшін Петропавлмен 7 ауданның аумағында мұз жару жұмыстары жүргізілмек. Ол үшін келісімшарт жасалды. Жалпы бұл мақсатқа 83 миллиоң теңге қарастырылып отыр.

Өңірде көктемгі тасқынға қарсы іс-шаралар кешені қабылданды. Бүгінде 300-ге жуық эвакуациялық пункт дайын. Қазір елді мекендерде жаппай қар шығару жұмыстары жүріп жатыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал