Әскери қызмет тек ердің ісі ме? Алматылық әйел-бітімгерлер бұл стереотипті тас-талқан етті.
Әскери форма, қатаң тәртіп және жырақтағы қызмет. Бүгінгі кейіпкерлеріміз мұның бәріне әбден үйренген. Әскери қызмет – олардың таңдаған жолы. Солардың бірі – Ардақ Сүлейменова. Ол – Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операция орталығының медициналық қызмет сержанты. Бітімгерлікке әскери госпитальден келген.
АРДАҚ СҮЛЕЙМЕНОВА, МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ СЕРЖАНТЫ:
— Менің әкем әскери қызметкер болған. Қазір зейнетте. Туысқандарымның көбі – әскери қызметшілер. Мен медициналық колледжде оқуымды аяқтағаннан кейін, ең бірінші әскери госпитальға бардым. Бірден қабылдады. Сол күннен бастап менің әскери өмірім басталды.
Бітімгерлерді даярлау шамамен алты айға созылған. Әскери қызметшілер медициналық, жауынгерлік және тіл дайындығынан өтеді. Іріктеуден өткен соң Ардақ қазақстандық бітімгерлік контингент құрамында Сирияға арнайы миссиямен аттанған.
АРДАҚ СҮЛЕЙМЕНОВА, МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ СЕРЖАНТЫ:
— Сирия Араб республикасындағы миссия қиын болды деп ойлаймын. Бірінші себебі – ұзақтығы. 1 жыл көлемінде болды. Екіншіден, біздің қазақстандық контингент ең бірінші контингент болды. Біздің бітімгершілік миссиямызды атқарып жатқан кезде, азаматтық соғыс басталып кетті. Сол кезде қорқыныштар болды.
Қазақстандық бітімгер арулар қауіпті тапсырманы орындады. Талай өмірді құтқарды. Ардақ үшін әсіресе Бейруттағы жойқын жарылыстан кейінгі Ливандағы гуманитарлық миссия есте қалған. Жараланған балалар есінен кетпейді екен. Осындай ержүрек, батыл арудың бірі – майор Римма Шәкеева. Бітімгерлік операциялар орталығында ағылшын тілінен сабақ беріп жүріп, өзі де халықаралық миссияға аттанған.
РИММА ШӘКЕЕВА, ҚР ҚМ БОО ШЫҒЫС ТІЛДЕРІ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСТЫҒЫ:
— Бұл – жай ғана курс немесе қысқа мерзімді шетелдік іссапар емес. Бұл – миссия, қақтығыс аймағы. Өз қауіп-қатері, тәуекелі бар. Әрине, алғашында өмір мен қауіпсіздік үшін қорқыныш болды. Бірақ уақыт өте келе адаммен, жұмыспен танысып, не істеу керектігін түсінесің. Үйренесің, бейімделесің. Кейін қорқамын ба, жоқ па деп ойламайсың. Жай ғана өз міндетіңді орындайсың.
Отан алдындағы міндетін маңызды санап, қауіпті жерде қорқуды да білмейтін қайсар қыздар қаншама?! Ерлермен тең дәрежеде қызмет атқарып, отбасы берекесін кетірмеген жаны сірі қазақ қыздары осындай.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.