Астанада Халықаралық әйелдер күніне орай мектеп белсенділері мерекелік бал кешін өткізді. Мәні мен сәні жарасқан салтанатты кеште мектеп парламенттерінің 100-ге жуық оқушысы аналары және ұстаздарымен бірге вальс билеп, көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Шараны ұйымдастыруға Астана қаласы Білім басқармасы мен Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайы мұрындық болды.
10-сынып оқушысы Еркеназ Абдығаппар «Көктем симфониясы» балына биыл алғаш рет қатысып отыр. Бұл – оның көптен бергі арманы еді. Мектептегі ең әсерлі кештің бірінде өнер көрсету – жас биші үшін үлкен жауапкершілік. Ол өз өнері арқылы анасына деген алғысын білдірмек.
ЕРКЕНАЗ АБДЫҒАППАР, МЕКТЕП ОҚУШЫСЫ:
– Бұл бал оқушылар сарайында дәстүрлі түрде жыл сайын өтеді. Мен бірінші рет қатысып тұрмын. Маған ерекше әсер қалдырып жатыр. Осы балдан кейін барлығы өздерінің аналарына, әжелеріне, әпкелеріне ерекше сезім, құрмет көрсетеді деген ойдамын.
Халықаралық әйелдер мерекесіне орай ұйымдастырылған кеште мектеп парламентінің көшбасшылары анасы мен ұстазына деген алғысын өнер арқылы жеткізді. Көктемнің шуағындай көңілге жылу сыйлаған «Көктем симфониясы» бұл жай ғана би кеші емес. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл – ізгілік пен құрметке толы ерекше шара. Басты мақсаты – отбасылық құндылықты дәріптеу.
СҰЛТАН ИМАНЖАН, БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
– Оқушылар сарайының негізгі мазмұны – балаларға қосымша білім беру. Олардың қатарында би, өнер, мәдениет бар. Бұл бал да балалардың биге деген, өнерге деген құлшынысын арттырады деп ойлаймын.
Мектеп белсенділері әсем әуен жетегінде ғажайып вальс ырғағымен аналарымен, ұстаздарымен бірге би билеп, үлкендердің айрықша ықыласына бөленіп, алғысын алды. Мерекелік бағдарлама көпшілікке тамаша көңіл күй сыйлады.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.