Мерекеге толы наурыз айында шетелге шығуды жоспарлаған қазақстандықтардың бір бөлігі қазіргі Таяу Шығыстағы жағдайға алаңдаулы. Әсіресе Біріккен Араб Әмірліктері мен Қатар бағытына тур сатып алған отандастарымыз не істерін білмей дал.
Таяу Шығыстағы саяси жағдай дүрбелең тудырды. Туристік қаланың қақ ортасындағы әскери операцияның куәгері болған қазақстандықтар елге аман-есен оралғанына қуанса, көктемде Біріккен Араб Әмірліктері мен Қатар бағытына тур сатып алған отандастарымыз керісінше алаңдаулы.
КҮНАЙЫМ АКТУКУЗОВА, ТУРИСТ:
– Біз Араб Әмірліктерін таңдадық, Дубайға тур алдық. Алғаш рет бөліп төлеуге рәсімдеген едік, бірақ бірнеше күннен кейін Таяу Шығыста болып жатқан оқиғалар туралы білдік. Өкінішке қарай, біз броньды қайтарып алу үшін өтініш беретін сияқтымыз. Яғни броньнан бас тартамыз, бөліп төлеуді де тоқтата аламыз деп үміттенеміз. Мүмкін басқа бағыт таңдайтын шығармыз.
Мамандар мұндай жағдайда, ең алдымен, сабыр сақтап, ресми ақпаратқа сүйену қажет екенін айтады. Туристік компаниялардың мәліметінше, егер рейс пен қонақүй броньдары ресми тоқтатылмаса, жолдама күшін жоймайды. Сондықтан туристер саяхатын ұйымдастырар алдында агенттікпен байланысып, барлық ақпаратты нақтылағаны жөн.
ГҮЛВИРА РАХИМЖАНОВА, ТУРИСТІК АГЕНТТІКТІҢ МЕНЕДЖЕРІ:
– Қазіргі жағдайда форс-мажорлық жағдай болып есептеледі. Ресми түрде рейс ұшпайды деген ресми ақпаратты күту қажет. Сол кезде ғана наурыз айындағы барлық турпакет бойынша ақша 100 пайыздық мөлшерде қайтарылады. Сәуір айында ұшуға 1 айдан артық уақыт болғандықтан, мұндай турпакеттерді ешқандай айыппұлсыз туроператор шешіп беруге тиіс.
Егер турист қауіпсіздік мақсатында сапардан бас тартқысы келсе, онда туроператорға жолдаманы жою туралы ресми өтініш беруі қажет. Мұндай жағдайда қаражатты қайтару немесе бағытты ауыстыру шарттары келісімшарт талабына сәйкес жүзеге асады. Сарапшылардың айтуынша, қазіргі таңда кейбір туристік компаниялар клиенттерге саяхат мерзімін кейінге шегеруді немесе басқа елге ауыстыруды ұсынып отыр. Мәселен, саяхатшылар балама ретінде Бали, Вьетнам немесе Малайзия сияқты қауіпсіз бағыттарды таңдай алады.
ГҮЛВИРА РАХЫМЖАНОВА, ТУРИСТІК АГЕНТТІКТІҢ МЕНЕДЖЕРІ:
– Қазір әр сағат сайын ақпарат жаңартылып жатыр. Алдыңғы күндері 6 наурызға дейінгі рейстерді тоқтатса, бүгін 16 наурызға дейінгі рейстердің тоқтатылуы жөнінде ресми ақпарат келді. Осы күнге дейінгі рейстерде біздің туристер болған жағдайда, олардың турлары 100 пайыз көлемінде қайтарылады.
Сонымен қатар мамандар кез келген ақпаратты тек ресми мемлекеттік органдар мен әуе компанияларының хабарламаларынан тексеруге кеңес береді. Ең бастысы, туристік агентпен ұдайы байланыста болып, сапардың әрбір шартын алдын ала нақтылап алу қажет. Осындай сақтық шаралары саяхатшыларды күтпеген шығыннан қорғап, сапарды қауіпсіз жоспарлауға мүмкіндік береді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.