UAE SWAT CHALLENGE турнирінің жеңімпаздары Астанада мектеп оқушыларымен кездесті. Қазақстандық арнайы жасақ бөлімшелері жақында беделді халықаралық сайыста топ жарған. Біздің қыз-жігіттер әлемдік фавориттерді қалай артта қалдырды? Чемпиондар мұны «Жас сақшы» арнайы сыныбының оқушыларына айтып берді. Кездесу «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында өтті.
Бұл – Дубайда арнайы жасақ сарбаздары арасында өткен халықаралық турнирде нағыз сенсацияға айналған біздің «Томирис» әйелдер командасы. Салмағы 120 келі алып дөңгелекті көтерген үш нәзік қыз жұртты таңғалдырды. Солардың бірі – Мөлдір Атанай. Ол әріптесі Елдос Сартаймен бірге елордалық арнайы жасақ намысын қорғады. Бүгін чемпиондар №16 мектептегі жас құқық қорғаушылардың қонағы болды.
МӨЛДІР АТАНАЙ, UAE SWAT CHALLENGE ТУРНИРІНІҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:
– Намыс қазақтың қанында бар. Біз бұл жерде ер азаматтармен бақ сынауға келдік, әйел адамдармен емес, сол себепті иық тіресіп, солардың алдында болдық.
ЕЛДОС САРТАЙ, UAE SWAT CHALLENGE ТУРНИРІНІҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:
– 109 команданың ішінде Қазақстан С командасы топ жарып, бірінші орын алды, Қазақстан А командасы екінші орын алды. Қыздарымыз да жақсы өнер көрсетті, алдыңғы қатардан көрінді. Біз үшін бұл – үлкен мәртебе.
Жеңістің кілті – күш, тәртіп және командалық рух. «Егер алдыңа мақсат қойып, соған табандылықпен ұмтылсаң, кез келген белесті бағындыруға болады», — дейді SWAT Challenge жеңімпаздары. Мектеп оқушылары халықаралық аренада шеберлігін дәлелдеген мамандардан ақыл-кеңес алды.
ДАНИЯР БЕСБАЕВ, БАЙҚОҢЫР АУДАНЫ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ:
– Қазақстанымыздың көк туын дүние жүзіне ІІМ, оның ішінде біздің Астана қаласы полиция департаменті қызметкерлерінің көтергенін мен мақтан етемін.
Астана полициясынан SWAT Challenge жарысына үш полицей аттанған. Үшеуі де олжалы оралды. Олардың жеңісі – оқушыларға үлгі.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.