90 жастағы Назен әжей немерелерінің есептерін шығарып, ата-аналар жиналысына барады

90 жастағы математик! Ақтөбелік Назен әжей көзілдіріксіз-ақ немерелерінің күрделі есептерін шығарып, мектептегі ата-аналар жиналысына барады. Тоқсанға келсе де, тың кейуананың ерекше есте сақтау қабілеті мен сергектігінің сыры неде?

Жақында Ысқақовтар әулеттің анасы Назен әжейдің 90 жасын атап өтті. Әлі де өзін ширақ ұстап, сергек сезінетін қария әлемде болып жатқан жаңалықтарды да назарда ұстайды екен. Көзілдірік тақпайды, естуі де жақсы. Теледидар көргенді ұнатады. Назен әже ұзақ жылдар бойы Ақтөбе облысының Ойыл ауданында тұрған. Құдай қосқан қосағымен бірге он бала тәрбиелеп өсірген. Қазір оның 46 немересі, 12 шөбересі бар. Өмірі өнегеге толы әжей өзінің ұзақ жасауының сыры еңбекте дейді.

НАЗЕН ЫСҚАҚОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
– Күні-түні қолмен еңбек етіп, бұзау арқалап, қой қайырып, жаяу жүріп жұмыс жасағандықтан шығар деп ойлаймын. Отырып қалсам, ауру боламын. Аяғым сау. Көзілдірік тақпаймын.

Назен Ысқақова жастық шағында бала тәрбиесімен айналысқан. Өзінің он баласынан бөлек, ерте ата-анасынан айырылған қайын іні мен қайын сіңлілерін де жеткізген. Әжейдің айтуынша, үлкен әулеттің тұрмысын көтеруге қосалқы шаруашылықтары көп көмектескен. Етті де, сүтті де өздері өндірген. Әлі де қарап отырмайтын Назен әже жақындарына жылы шұлық, қолғап тоқып, көрпе тігеді. Келіндеріне үй шаруасында көмектесіп, оқушыларға түскі ас дайындайды, сондай-ақ кішілерін балабақшаға апарып үлгереді.

Назен әжей ұзақ өмір сүрудің басты сыры қозғалыста болу, жүректегі мейірім және айналасындағы адамдардан көретін алғыс екенін айтып отырады екен. Сонымен қатар ол әр күні тағдырына, өткен өміріне, отбасының ғана емес елінің амандығына шүкіршілік етеді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал