Таяу Шығыстағы шиеленіс әлі де өршіп тұр. Тараптар тоқтаусыз бір-бірін зымырандармен атқылауда. Соның салдары мен зардабы бүгінде біраз елге тиіп отыр.
Иран, Израиль және АҚШ арасындағы қарулы қақтығыстың басталғанына 11 күн болды. Содан бері әскери іс-қимылдан Иранда мыңнан астам адам қаза тапты. 12 мыңнан астамы жарақат алды. Бұл – жергілікті биліктің дерегі. Ал Израильде Иран соққыларынан ондаған адам опат болған. Бұдан бөлек Таяу шығыс елдерінде 14 адам және АҚШ базаларында 8 әскери көз жұмды. Осындай күрделі ахуалға байланысты еліміздің Сыртқы істер министрлігі отандастарымызды жаппай эвакуациялап жатыр. Бүгінге дейін 8 мыңнан астам адам оралды.
ЕРЛАН ЖЕТІБАЕВ, ҚР СІМ РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Эвакуация басталғалы бері уәкілетті мемлекеттік органдардың резидент және резидент емес әуе компанияларының көмегімен 8 585 қазақстандық елге қайтарылды. Алдағы күндері израильден 78 азаматымыз, Қатардан шамамен 350 адамды, Біріккен Араб Әмірліктерінен шамамен 550 адамды, Сауд арабиясынан шамамен 300 адамды эвакуациялау жоспарланып отыр.
Дональд Трамптың айтуынша, аймақтағы қарулы қақтығыс ұзаққа созылмайды. Себебі алға қойылған мақсаттың біразы орындалып қойған.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Бәрі жақында аяқталады деп ойлаймын. Олар бәрінен айырылды, тіпті өз басшылығынан да. Қазір айтып жүрген басшы туралы адамдардың көбі бұрын естімеген де.
Бұдан бөлек, Дональд Трамп Ормуз бұғазы арқылы өтетін мұнай танкерлерін тоқтатуға әрекет жасалса, Иранға қарсы соққылардың қарқыны артатынын ескертті. Айта кетейін, осы бұғаз арқылы әлемдік мұнай тасымалының шамамен 20 пайызы, ал табиғи газдың 30 пайызына дейін өтеді. Қазір бұл бұғазды Иран толық бақылауда ұстап отыр. Таяу Шығыстағы шиеленіс кесірінен қара алтын бағасы күрт қымбаттап кетті. 100 доллардан асты.
ИБРАГИМ ЗОЛЬФАГАРИ, «ХАТАМ АЛЬ-АНБИЯ» ШТАБЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Олар халыққа тиесілі инфрақұрылымға, энергетикалық және қызмет көрсету орталықтарына соққы жасап жатыр. Егер мұнайдың барреліне 200 доллардан асатын бағасына төзуге дайын болсаңыздар, онда бұл ойынды жалғастыра беріңіздер.
Қақтығыстың экономикалық салдары мен зардабын көрші елдер де сезініп жатыр. Мәселен, Түрікменстанда Иранмен логистикалық байланыстардың бұзылуына байланысты азық-түлік, тұрмыстық химия және құрылыс материалдарының бағасы күрт өскен.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.