«Наурыз» басталды, «Ұмай» жолда. Отбасы банк халықты тағы қалай қуантпақ? Бүгіннен бастап жаңа ипотекаға құжат қабылдау жүріп жатыр. Кімдерге басымдық беріледі? Зейнетақы жинағын тіс емдеуге жұмсауға рұқсат қашан беріледі?
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Пәтер алуға асық жандарды Отбасы банк бір қуантты. Baspana Market порталында «Наурыз» ипотекасына өтініш қабылданып жатыр. Пәтер толық әрленген болса, бастапқы жарна 10 пайыздан, ал қарапайым немесе әрленбеген тұрғын үй үшін 20 пайыздан басталады. Әлеуметтік осал топтарға пайыздық мөлшерлеме – 7%, қалған қатысушыларға 9%.
Несие сомасы өңірлерде 30 миллион теңгеге дейін, ал Астана мен Алматыда 36 миллион теңгеге дейін беріледі. Қарызды өтеу мерзімі – 19 жылға дейін. Бағдарлама аясында ірі қалаларда жаңа салынған тұрғын үйді, ал моноқалалар мен ауылдық жерлерде алғашқы және қайталама нарықтағы баспананы сатып алуға мүмкіндік бар. Наурыз ипотекасына құжат 31 наурызға дейін жалғасады. Отбасы банк басшысы «Ұмай» әйелдер ипотекасы қашан басталатынын да айтты.
ЛӘЗЗАТ ИБРАГИМОВА6 «ОТБАСЫ БАНК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
— «Ұмай» ипотекасы жоспарымызда бар. Қазір «Азия даму банкімен» меморандумға қол қойдық. Жоспар бойынша 90 млрд тг бөлінеді. Оның 50 пайызы – «Жасыл ипотека», 50 пайызы – «Ұмай» ипотекасы. Ендеше, максимал сома – 45 млрд теңге. Шілде, тамыз айынан бастаймыз.
Ләззат Ибрагимова тұрғын үй кезегінен шығып қалғандар туралы да айтты. Тізімдегі 350 мың азаматтың деректерін тексерген кезде 50 мың адамның үйі бар болып шықты. «Олар кезектен шығарылды», — деді Отбасы банк басшысы. Айтпақшы, зейнетақы жинағын тіс емдеуге қайта пайдалана алуымыз мүмкін. Мұндай мүмкіндік халыққа жаздың ортасына беріледі деп жоспарланып отыр. «Отбасы банк» басшысының айтуынша, қазір бұл сұрақ Денсаулық сақтау министрлігімен бірге қаралып жатыр. Жүйе толықтай онлайн форматта жұмыс істейді.
ЛӘЗЗАТ ИБРАГИМОВА, «ОТБАСЫ БАНК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
— Стоматологиялық клиникалар мен басқа да медициналық ұйымдар бір ортақ жүйеге қосылады. Ал көрсетілген қызметтің актілері интернет арқылы рәсімделіп, Денсаулық сақтау министрлігінің базасымен біріктіріледі. Бұл тәсіл әр тиынның қайда жұмсалғанын ашық көрсетуге мүмкіндік береді. Яғни зейнетақы қаражатын ем-домға пайдалану толық бақылауда болады. Егер жоспар жүзеге асса, биылғы жылдың екінші жартысынан бастап тіс емдеуге зейнетақы жинағын қайта қолдана алады.
Баспана бағасы жақын арада арзандай қоймайды. Үкіметтегі брифингте осылай деген «Отбасы банк» басшысы тұрғын үйге сұраныс әлі де жоғары екенін айтты. Ал Құрылыс министрі мемлекет жекеменшік құрылыс компанияларының баға саясатына араласа алмайды. Сондықтан нарықтағы пәтер құнын негізінен құрылыс салушылардың өзі белгілейді, деді.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Мемлекеттік бағдарламаларға жүктемені азайту үшін Үкімет басшысы қолжетімді коммерциялық ипотеканы кеңейтуді тапсырды. «Құрылыс министрлігі Ұлттық банкпен бірге банктердің ипотекасын жетілдірсін. Ал Отбасы банк осал топтарды қолдауға ерекше көңіл бөлсін», — деді Олжас Бектенов.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.