(без названия)

Астана – Қарағанды жолында 7 көлік соқтығысып, бір адам қаза тапты

Астана – Қарағанды жолында бір мезетте 7 көлік соқтығысып, жолаушы қаза тапты. Секундына 45 метрге жететін жойқын жел мен боранда далада қалған жолаушыларға көмек көрсетіліп жатыр. 35 жол учаскесі жабылды. Синоптиктер тағы қандай қауіпті ескертеді?
Астана – Қарағанды тасжолында қатты бұрқасыннан жол көрінбей, жеті көлік соқтығысып, 1 адам қаза тапты. Тағы бір көлік жүргізушісі жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Полицейлердің мәліметінше, жол апатына ұшыраған барлық көлік шектеу енгізілмей тұрып жолға шыққан. Күн райының күрт бұзылуына байланысты еліміз бойынша 35 жол учаскесі уақытша жабылды.

СӘКЕН ДІЛДАХМЕТ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰК РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Бүгінгі күні Ақмола, Қарағанды, Павлодар облысында желдің жылдамдығы секундына 40-45 метр болып тұр. Өте қатты боран ұласып, қазір шектеу енгізілді. Жол қызметі тарапынан жұмыс күшейтілді.

Соңғы үш тәулікте қар құрсауынан 78 адам құтқарылыпты. Оның жетеуі – бала. Қарға батып қалған 29 көлік шығарылды. Ккөктайғақ, қатты жел және жолдағы алай-дүлей боран жағдайды күрделендіріп отыр. Біраз өңірде оқушылар онлайн оқуға көшті. Синоптиктердің болжауынша, алдағы күндері еліміздің бірқатар өңірінде күн суытады.

АРУЖАН МҰРАТОВА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» МЕКЕМЕСІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Қазақстан аумағының көп бөлігінде атмосфералық фронттардың әсерінен ауа райы тұрақсыз болады. Жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын күтіледі. Елдің солтүстік шығысында және орталығында қалың қар жауады. Ал оңтүстік пен оңтүстік шығыста кей кездері күшті жауын-шашын жаңбыр мен қар түрінде болады. Республика бойынша жел күшейіп, көктайғақ, тұман күтіледі. Ал солтүстік өңірлерде боран болуы мүмкін.

Күре жолдарды қардан тазалауға 1 мыңнан астам арнайы техника мен 1,5 мың жол тазалаушы тартылды. Қолайсыз ауа райы мен ұшақтар кешікті. Астана әуежайында ондаған рейс кейінге шегеріліп, кейбірі мүлде тоқтатылды. Ал құтқарушылар қазақстандықтарды алыс жолға шықпауға және дауылды ескертулерді мұқият тыңдауға шақырады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал