Оңтүстік өңірде күн райы күрт бұзылып, шаруалар шығынға батқалы тұрмыз деп дабыл қақты. Тіпті ерте гүлдеген жеміс ағаштарын үсіктен қорғау үшін бағбандар дизель отыны мен ағаш жағып, ерекше әдіс қолданып жатыр. 3 ай бойы жаумаған қар Наурызда жауып, жұртты әбігерге салды.
Күннің күрт суытуы көктемгі егіске ерте кіріскен шаруалар мен бағбандар үшін оңайға соқпай тұр. Өйткені синоптиктер аяздың бірнеше күнге созылатынын мәлімдеді. Салдарынан ерте гүлдеген жеміс ағаштарын үсік шалып, биылғы өнімге кері әсер етуі мүмкін. Жалпы қала аумағында 5000 гектардан астам алқапта ауыл шаруашылығы дақылдары егілген екен. Қазіргі таңда жемістердің ерте пісетін кейбір сорты бүр жарып үлгерген. Енді бағбандар бау-бақша алқаптарында от жағып, түтіндету арқылы ағаштарды суықтан қорғау шараларын қолға алды.
САПАРБЕК ЕРЖІГІТОВ, БАУ-БАҚШАНЫҢ ӨНДІРІСТІК ДИРЕКТОРЫ:
— 13 жылдың ішінде үшінші рет осындай қатты суыққа тұспа-тұс келіп тұрмыз. 400-дей баллон, 500-дей пресс алып келдік. Одан бөлек 10-15 үлкен көлікпен түрлі қураған ағаш алып келіп отырмыз. Одан бөлек 2-3 тонна дизель. Осылар арқылы түнде жеміс ағаштарын аман алып қалуға әрекет жасаймыз.
Синоптиктер алдағы күндері күн райы -16 градусқа дейін төмендейді деп болжап отыр. Наурызда жауған қар мен үскірік аяз тұрғындарды да біраз әбігерге салды. «Қазгидромет» мәліметінше, алдағы күндері қала аумағында көктайғақ пен тұман сақталады. Ал түнде желдің жылдамдығы 15-20 м/с дейін күшеюі мүмкін.
Қалада қар тазалау, көшелерге инертті материалдар себу жұмыстары үздіксіз жүріп жатыр. Коммуналдық қызметтің жұмысы күшейтілген. Екі ауысымдық кезекшілік бірнеше күн жалғасады.
Елдің бірнеше өңірінде ауа райы бұзылды. Ақтөбеде 6 республикалық, 6 облыстық маңызы бар жол жабық. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан және Ақмола, Қостанай облысында да бірнеше бағыттағы жолда көліктің барлық түріне жүруге тыйым салынды. Синоптиктердің болжамынша, наурыз айында құбылмалы ауа райы сақталады. Елдің солтүстік аймақтарында қар жауса, батыс пен оңтүстікте жаңбыр және қар аралас жауын-шашын күтіледі. Кейбір өңірде қатты жел соғып, бұрқасын, тұман және көктайғақ болуы мүмкін.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.