(без названия)

Жаңа Конституция жобасы қалай дайындалды?

Жаңа Конституция жобасын әзірлеу бірнеше кезеңнен тұрды. Бұл бастама алғаш рет қаңтар айында Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында көтерілді. Кейін Конституциялық комиссия құрылып, бірнеше ай бойы құжатты дайындау және талқылау жұмыстары жүргізілді. Соңғы нұсқа ақпан айында жарияланып, енді жаңа Ата заң жобасы 15 наурызда өтетін республикалық референдумға шығарылады.
Жаңа Конституция туралы бастама 2026 жылдың 20 қаңтарында Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында айтылды. Сол жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев билік жүйесін реформалау, Парламентті қайта құру және жаңа Конституция қажет екені туралы маңызды мәлімдемелер жасады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Жалпы, бастапқыда Парламенттік реформа аясында Ата заңның 40-қа жуық бабын өзгерту жоспарланған еді. Алайда жұмыс барысында түзетулер саны әлдеқайда көп екені белгілі болды. 2022 жылғы реформада Ата заңның 33 бабы жаңарғанын білесіздер. Ал ендігі өзгерістер одан да ауқымды. Біз, шын мәнінде, жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам жасағалы тұрмыз.

20 қаңтар Конституциялық комиссия ресми құрылды. Дәл осы күні Президент арнайы жарлыққа қол қойды. Комиссия құрамына: депутаттар, заңгерлер мен конституциялық құқық саласының сарапшылары, қоғам қайраткерлері, саяси партия өкілдері кірді. Алғашқы отырыс 24 қаңтар онлайн тікелей көрсетілді.

ЭЛЬВИРА ӘЗІМОВА, КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТТЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
— Конституциялық комиссияның алдында айрықша миссия тұр – бір жағынан конституциялық құрылыстың іргелі қағидаттарын сақтай отырып, екінші жағынан, заманауи сын-қатерлерге қатысты өз ұстанымымызды лайықты түрде айқындауға мүмкіндік беретін Ата заңның тиісінше теңгерімін қамтамасыз ету.

Жобаға сәйкес Конституция 84%-ға дейін жаңартылып, жаңа преамбула, бөлімдер және баптар ұсынылды. Бұл бұрынғы енгізілген түзетулерден әлдеқайда ірі көлемді өзгерістер болады дегенді білдіреді. Өзгеріс демократияны дамытуға және құқықтық мемлекет құруға бағытталған қадам деп бағалануда.

ЕРЛАН ҚАРИН, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК КЕҢЕСШІСІ:
— Бұл жұмыс кейбіреулер ойлап жүргендей 1-2 аптада емес, әр отырыста айтылды. Конституциялық реформа бойынша жұмыс, талқылау жарты жылға жуық уақыт бойы жүргізіліп келе жатыр. Сол сияқты мәтінмен жұмыс – 1-2 аптада емес бірнеше айға созылған жұмыстың нәтижесі.

Еске сала кетейік, парламенттік реформаны әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы 2025 жылдың қазан айынан бері белсенді жұмыс атқарып келді. Осы уақыт аралығында жұмыс тобы азаматтардан келіп түскен ұсыныстарды қабылдап, жан-жақты талдады. Осылайша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдум өткізуді 15 наурыз 2026 жылға тағайындау туралы жарлыққа қол қойды. Конституциялық комиссия соңғы жоба нұсқасын 12 ақпанда көпшілікке жариялады. Халық жаңа Конституцияны оқып, өз пікірімен ашық түрде бөлісті. Аймақтарда Мәжіліс депутаттары түсіндіру жұмыстарын да жүргізіп талқыға салды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал